
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ПЕН ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БІРЛЕСКЕН СЕМИНАРЛАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА
Бүгін Түркістан облысында әлеуметтік әріптестік аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен семинарлары өтті.
Іс-шаралар Түркістан қаласындағы №34 жайлы мектеп базасында ұйымдастырылып, білім саласының өкілдерін кеңінен қамтыды. Олардың қатарында білім бөлімі, білім беру ұйымдарының жетекшілері, есепшілер, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіподақ активі бар. Семинар жұмысыа сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейсов, облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті директоры Ғ.Алматов қатысты.
Аймақ бойынша 400-ден астам қатысушыны қамтыған семинарлар педагогтардың аттестациясы, еңбекақы төлеу жүйесі, жұмыс жағдайы және еңбек қатынастары мәселелеріне арналды.
Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлегендер:
Айгүл Мұқашева – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы;
Айман Дүйсембаева – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы;
Гүлайым Тоқпанова – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы (онлайн байланыс арқылы);
Райхан Қыдырбаева – Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы.
А. Мұқашева өз сөзінде кәсіподақтың білім беру қызметкерлерінің мүдделерін қалай қорғайтыны және еңбекақы төлеу, жұмыс жағдайлары және педагогтарды әлеуметтік қорғау мәселелерін шешу жағдайларына қалай араласатыны туралы айтып берді.
«Әлеуметтік әріптестік – бұл білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Ол өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы бағытта Салалық кәсіподақ пен Оқу-ағарту министрлігі белсенді ынтымақтастық орнатқан, біздің ортақ мақсатымыз – педагогтардың еңбек құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолайлы еңбек жағдайларын жасау», – деп атап өтті А. Мұқашева.
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы А.Дүйсембаева ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 «Аттестаттау ережелері мен шарттары туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес педагогтарды аттестаттау тақырыбы бойынша сөйледі.
Ол жаңа ережелердің негізгі мақсаты – мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін әділ бағалау және олардың мансаптық өсуіне жағдай жасау екенін атап өтті. Сонымен қатар Министрлік өкілі білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау және босату тәртібіне қатысты №57 бұйрыққа енгізілген өзгерістерге де тоқталды.
Министрліктің Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Г. Тоқпанова педагогтардың жалақы төлеу жүйесіндегі ерекшеліктерді түсіндіріп, жалақыны есептеу тәртібі, ынталандырушы үстемеақылар мен қосымша төлемдерге баса назар аударды.
Семинарға қатысушылар еңбекақы, әлеуметтік қорғау және педагогтарды аттестациялау мәселелеріне қатысты маңызды сұрақтарына жауап алды. Жалақы төлеу жүйесінің ашықтығы мен құқықтық мәселелерге ерекше екпін берілді.
Оңтүстік өңірлерге жұмыс сапарын қорытындылаған Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева педагогтардың құқықтық сауаттылығы олардың еңбек құқықтарын қорғауда және кәсіби дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Құқықтары мен міндеттерін білу педагогтарға өз мүдделерін қорғауға ғана емес, сонымен бірге кәсіби тұрғыда көтерілу барысында заңда көзделген барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әрбір білім қызметкері даулы жағдай туындаған кезде қайда жүгінуге болатынын білуі және уақытылы қолдауға ие болуы маңызды. Кәсіподақ осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, педагогтардың құқықтық көмек пен қорғауға қолжетімділігін қамтамасыз етуді жалғастырады», – деді А. Мұқашева.
Қазақстандық оқу –ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-