
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ПЛЕНУМЫ: ДАМУ ЖӘНЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАУ СТРАТЕГИЯСЫ
Бүгін Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Пленумы өтті. Алқалы жиынға Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин, сондай-ақ Салалық кәсіподақ төрағасы А. Мұқашева бастаған Орталық комитет мүшелері қатысты.
Пленумда Салалық кәсіподақ басшысы «Кәсіподақтың XV Съезд шешімдерін және Салалық кәсіподақтың 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша кәсіподақ органдары қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру шаралары туралы» баяндама жасады.
Ол өз сөзінде білім саласындағы өзгерістер мен олардың кәсіподақ қызметіне әсері туралы айтып өтті. Қазіргі кезеңде негізгі жүктеме балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары және басқа да білім беру ұйымдарының еңбек ұжымдарына түседі. Бұл міндеттер педагогтар, ата-аналар және қоғамдастықпен тығыз байланыста шешіледі.
«Қызметкерлердің мәдени, рухани және кәсіби дамуы үшін жағдай жасау, еңбекақыны, еңбек жағдайларын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру, жалпы олардың қоғамдық мәртебесін көтеру маңызды шаралар болып табылады. Съезде қабылдаған бағдарлама бізді осы жағдайлар үшін жұмыс жасауға міндеттейді», – деді Айгүл Мұкашева.
Әрі қарай кәсіподақ төрағасы ұйымдастырушылық нығайту, құқықтық қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақтық оқыту, ақпараттық жұмыстар бойынша ұйымның нақты міндеттеріне тоқталды.
Кәсіподақты ұйымдастырушылық нығайту.
Бүгінгі таңда кәсіподақ құрамында 22 мүшелік ұйым бар,жалпы кәсіподақ мүшелерінің саны –594 421 адам. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 9 963адамға артты. Кәсіподақтың жұмыс істейтін мүшелерінің саны2023 жылмен салыстырғанда 571 681адамнан 581 757 адамға дейін немесе 10 076 мүшеге көбейді.
Айгүл Мұқашева кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Кәсіподақ органдары кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін ескеруі тиіс, кәсіподақтан материалдық игіліктерді күтуді құқықтық қорғауға бағытталған көзқарасқа өзгерту қажет
«Қазіргі құбылмалы қоғамға бейімделіп жұмыс істеуді үйрену керек. Күн сайын үйреншікті жолдардан шығып, жаңа әрі ерекше әдіс-тәсілдерді табуға дағдылану қажет.. Кәсіподақ қатарында жастар саны қаншалықты көп болса,соғұрлым жаңашылдық пен ілгерілеушілік артады», - деді ол.
Құқықтық қорғау
Айгүл Мұқашева кәсіподақтың құқықтық қызметінің қол жеткізген табыстарына тоқталды. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіподақта 46 штаттық заңгер жұмыс істейді. 2024 жылы олар 34 201 өтінішті қарап, 715 жағдайда келісу комиссияларында және 52 жағдайда соттарда құқықтық көмек көрсетті. Заңсыз жұмыстан шығарылған 24 адам қайта қызметке орналастырылды. 2 653 еңбек заңнамасының орындалуына тексеріс жүргізіліп, 4 828 құқық бұзушылық анықталды.
«Құқықтық қорғау деңгейінің артуы біздің босаңсытпауы тиіс. Кәсіподақ әрбір мүшесіне барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін құқықтық көмек көрсетуі қажет», – деді Айгүл Мұқашева.
Әлеуметтік әріптестік
Әлеуметтік әріптестік жүйесі барлық деңгейде тиімді жұмыс істейді. Жалпы саны 136 келісім жасалған, оның ішінде салалық, облыстық және қалалық келісімдер бар. Кәсіподақ құрамына кіретін 7 231 ұйым ұжымдық шарттар жасап, бұл өз кезегінде әлеуметтік пакеттердің көлеміне оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар, жергілікті билік органдары тарапынан әлеуметтік әріптестерге ықпал ету, ұжымдық шарттарды формалды түрде жасау сияқты мәселелер де бар екенін атап өтілді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
2024 жылы 8 305 еңбек қауіпсіздігі жөніндегі өндірістік кеңес құрылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 283-ке артық. Техникалық инспекторлар 5 024 тексеріс жүргізіп, 2 142 заң бұзушылық анықтаған. Алайда, тексерулердің жалпы деңгейі әлі де төмен.
Кәсіподақтық оқыту
Соңғы бес жылда 418 805 адам кәсіподақтық оқытудан өтті. 2025 жылы кәсіподақтық оқытудың жаңа жүйесін енгізуге бағытталған кәсіподақ кадрлары мен активтерін оқытудың жаңа Тұжырымдамасы бекітілді.
Ақпараттық жұмыс
Кәсіподақтың Орталық комитеті мен мүшелік ұйымдары әлеуметтік желілер мен ресми сайттарды белсенді пайдаланады. «Жиі қойылатын сұрақтар», «Кәсіподақ түсіндіреді», «Кәсіподақ поштасы» сияқты айдарлар ашылып, кәсіподақ мүшелермен кері байланыс орнатылды.
«Ақпараттық жұмысты одан әрі дамыту үшін цифрлық платформаларды тиімді қолдану, БАҚ-пен байланыс орнату және жауапты қызметкерлердің құзіретін кеңейту қажет», – деді Айгүл Мұқашева.
Айгүл Мақсатқызы өз сөзінде кәсіподақтың 100 жылдық мерейтойы – бұл ерекше жауапкершілік екенін айтып, мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауда кәсіподақ органдарының жұмысы күшейтілуі тиіс екенін атап өтті.
Жарыссөзде Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қ.Сүндетұлы, Астана қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Әлиев, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Марланұлы және Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымының Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық комитетінің төрағасы Қ.Мұқышев сөз сөйледі.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин білім қызметкерлерінің құқығын қорғауда Салалық кәсіподақтың маңызын ерекше атап өтті. Салалық кәсіподақ – Федерация құрамындағы ең ірі әрі ықпалды ұйымдардың бірі екенін айтып, әлеуметтік әріптестікті нығайту мен еңбек жағдайларын жақсартудағы нақты істері үшін ризашылығын білдірді.
Федерация төрағасы кәсіподақ белсенділерін еңбек құқықтарын қорғау, бірлікті нығайту және әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға шақырды.
Пленум отырысы өзара түсіністік пен сындарлы диалог жағдайында өтті. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, жаңартылған нұсқада бақылау-тексеру комиссиялары туралы Ереже мен Комссиялардың жұмыстары жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
Пленумды қорытындылай отырып, Айгүл Мұқашева барлық деңгейдегі кәсіподақ органдарының ұйым мүшелерінің әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қорғауда белсенді жұмыс істеуінің маңызын атап өтті. Қазіргі заманның сын-тегеуріндерін ескере отырып, кәсіподақ қызметін жетілдіру, инновациялық тәсілдер мен бірлескен іс-қимыл арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін айтты.
Жиын соңында 2024 жыл қорытындысы бойынша Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесі нәтижесінде жүлделі орындарға ие болған ұйымдарды марапаттау рәсімі өтті:
І орын – Жамбыл облыстық ұйымы;
ІІ орын – Павлодар облыстық ұйымы;
ІІІ орын – Қызылорда облыстық ұйымы.
Сондай-ақ, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымдары ынталандыру сыйақыларымен марапатталды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-