
КӘСІПОДАҚ ТҮСІНДІРЕДІ
Білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымын атқарған тұлғамен еңбек шарты мерзімінің өтуіне байланысты еңбек қатынастарын бұзу тәртібі.
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай - Кодекс)139-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен не конкурс бойынша жүзеге асырылады.
Кодекстің 21-бабының 3-тармағының негізінде заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастары Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарына, құрылтай құжаттарына және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.
Кодекстің 30-бабының 4-тармағымен заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек шарты ҚР заңдарында, тараптардың құрылтай құжаттарында немесе келісімінде белгіленген мерзімге және тәртіппен жасасатыны реттелген.
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда, егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, егер заңды тұлға құрылтайшылары, мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлға (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарда ұзартудың өзге мерзімі айқындалмаған болса, еңбек шарты бір жылға ұзартылады.
Жоғарыда көрсетілген нормаларды жүзеге асыру мақсатында Үкіметтің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 Қаулысымен бекітілген Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 33) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңның 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» (әрі қарай - Қағидалар) әзірленіп бекітілді.
Қағидалардың 71-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымын бір білім беру ұйымында 5 (бес) жылдан екі мерзім немесе 10 (он) жылдан астам уақыт атқарған тұлға осы білім беру ұйымындағы бірінші басшының бос және уақытша бос лауазымына орналасуға үміткер бола алмайды және конкурсқа қатыса алмайды.
Қағидалардың 82-тармағына сәйкес, егер елді мекенде тиісті типтегі және түрдегі бір ғана білім беру ұйымы болса, осы білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымында 5 (бес) және одан да көп жыл отырған басшы келісімі бойынша ауыстыру тәртібімен басқа елді мекенге білім беру ұйымына тағайындалады.
Осылайша, тұлға білім беру ұйымының бірінші басшы лауазымын бір білім беру ұйымында 5 (бес) жылдан екі мерзімнен артық атқара алмайды.
Қағидалардың 70-тармағына сәйкес жоғарыда көрсетілген қолданылу мерзімі өткеннен кейін еңбек шарты Кодекстің 51-бабы тәртібінде Кодекстің 49-бабы 2) тармақшасының негізінде бұзылуға жатады. Еңбек шартын бұзу туралы хабарламаның болмауы еңбек шартын белгіленбеген мерзімге ұзарту үшін негіз болып табылмайды.
Сонымен қатар, 2016 жылға дейін жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органы басшыларымен жасасқан еңбек шартының белгіленбеген мерзімге ұзартуы заңсыз. Себебі қолданыстағы Кодекс күшіне енгенге дейін басшының еңбек шарты мерзіміне қатысты талаптар 2007 жылғы 15 мамырда күші жойылған Еңбек кодексінің 29-бабының 2-тармағымен реттелген.
Бұл нормаға сәйкес жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады.
Сондықтан жалпы жұмыскерлердің еңбек шартына қойылатын белгіленбеген мерзім бірінші басшылардың еңбек шартына қолданылмайды.