
ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАСҚА ТОЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҰМЫСКЕРМЕН ЕҢБЕК ШАРТЫН БҰЗУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ
Жұмыскердің зейнеткерлік жасқа толуы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
Аталған негіз бойынша еңбек шартын бұзу кезінде жұмыс беруші Кодекстің 53-бабы 9-тармағында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін жұмыскермен еңбек шартын бұзуға жол беріледі, алайда бұл туралы жұмыскерге кемінде бір ай бұрын ескертілуі тиіс.
Аталған негіз бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыскерге өтемақы төленеді. Өтемақының мөлшері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады (Еңбек кодексінің 53-бабы 9-тармағы).
Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласындағы Салалық келісімдерге сәйкес аталған өтемақының ең төменгі мөлшері бір лауазымдық айлықақыдан кем болмауы тиіс деп белгіленген.
Өтемақы еңбек шарты бұзылған кезде бір рет төленеді.
Жұмыстан босату кезінде жұмыс берушінің жұмыскерге төлеуге тиіс барлық төлемдері еңбек шарты бұзылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс (Еңбек кодексінің 113-бабы 4-тармағы).
Білім саласында зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерлермен еңбек шартын бұзуды оқу жылының соңына дейін қалдыру қажеттілігі жиі туындайды, себебі педагогтың ауысуы білім алушылардың оқуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осыған байланысты Салалық келісімге 9.4-тармақ енгізілген, оған сәйкес зейнеткерлік жасқа толған педагогпен еңбек шарты аталған негіз бойынша оның қалауымен оқу жылының соңында бұзылады.
Мұндай жағдайларда қолданыстағы еңбек шартына қосымша келісім ресімдеудің қажеттілігі жоқ.