
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева оқу жылының аяқталуымен құттықтады
ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР,
ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР!
Сіздерді 2024–2025 оқу жылының табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылуда, бұл оқушылар, ата-аналар және педагогикалық қауымдастық үшін әсерлі әрі маңызды кезең.
Оқу жылы жарқын жаңалықтар, жаңа міндеттер мен жауапты шешімдерге толы болды. Күнделікті адал еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігімен білім беру үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шәкірттерге білім мен тәрбие берудегі ұстаздардың еселі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сіздердің жүйелі әрі қажырлы қызметтеріңіздің нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер құрмет пен мақтауға лайықты.
Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы педагогтардың еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытындағы жоспарлы жұмысын жалғастыруда. Лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және білім беру саласы қызметкерлерін қолдау біздің басымдықтарымыздың бірі.
Баршаңызға мықты денсаулық, жаңа кәсіби жеңістер мен шығармашылық шабыт тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз саналы, табыстарыңыз берекелі болсын!
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы
Айгүл Мұқашева