
АЙНАЛЫМ ПАРАҒЫН ТОЛТЫРУДЫ ТАЛАП ЕТУ ЗАҢДЫ МА?
Жұмыс берушінің қызметкерден ақы төленетін еңбек демалысына шығар уақытта «айналым парағын» толтыруды талап етуі заңды ма?
«Айналым парағы» - қызметкердің жұмыстан шығар алдындағы өзіне ешқандай қызметтік затты иемденбегенін көрсететін ұйымның тиісті лауазымды тұлғаларының қолдарымен расталатын кадрлық есептіліктің ішкі құжаты.
ҚР Еңбек кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде жалпы айналым парағын толтыру қарастырылмаған және ешқандай сілтемелер келтірілмеген, сондай-ақ, оны ұйымдарда толтыру қажеттілігі белгіленбеген.
Тәжірибеде айналым парағын толтыру жұмыс берушіге еңбек шарты тоқтатылған қызметкердің қызметтік құжаттар мен мүлікті (заттарды) қайтарғанына көз жеткізу үшін қажет.
Сондықтан, айналым парағын толтырып өткізу ұйымның қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек тәртібін белгілейтін ішкі құжатпен, ұжымдық шартпен немесе басқа да жұмыс берушінің актілерімен реттеледі.
Осылайша, құжат қызметкердің «қызмет берешегі бойынша» қолданған заттарды қайтаруының кепілі болып саналады.
Қорыта айтқанда, айналым парағы жұмыстан босатылған уақытта қызметкердің жұмыс беруші алдындағы міндеттемелерінің және қызметкерге қандай да бір наразылықтарының жоқтығын дәлелдейді.
Осыған байланысты, жұмыс берушінің жұмыскерден ақы төленетін еңбек демалысы кезеңіне «айналым парағын» толтыруды талап етуі негізсіз болып табылады.