
ЖҰМЫСТЫҢ БІРІНШІ ЖЫЛЫНДАҒЫ ПЕДАГОГТЫҢ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ ТУРАЛЫ
1. Педагог өткен жылдың тамыз айында жалпы білім беретін мектепке жұмысқа орналасты. Оған ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында толық 56 күнтізбелік күнге созылатын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берілуі мүмкін бе?
Ия, беріледі. ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі –Кодекс) 92-бабы 1-тармақшасына сәйкес жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Сонымен қатар, Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 6.8. тармағымен тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде беріледі деп көрсетілген.
Кодекстің 154-бабының 2-тармағына сәйкес Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 97-бабы 3-тармағына сәйкес келiсiм бойынша міндеттемені орындалмауы кiнәлi тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғуын білу маңызды, 2025 жылға АЕК 3 932 теңгені құрайды (3 932 х 400 = 1 572 800 теңге).
2. Егер педагогқа еңбек демалысын беру сәтінде 12 ай жұмыс істемеген болса білім беру ұйымы оған жұмыстың бірінші жылына нақты жұмыс істеген уақыты үшін еңбек демалысын беруге құқылы ма?
Бұл жағдайда ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 3) тармақшасымен бекітілген педагогтерге ұзақтығы күтізбелік 56 күнді құрайтын жыл сайынға ақы төленетін еңбек демалысы демалысты бөліктерге бөлу ретінде қарастырылады.
Кодекстің 92-бабы 1-тармағы 3)-тармақшасына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы бөліктерінің бірі күнтізбелік он төрт күннен кем болмауға тиіс.
Осылайша, педагогтың демалысын бөліктерге бөлу туралы жазбаша өтініші болған жағдайда ғана нақты жұмыс істеген уақытына демалыс беру оның құқығын бұзу болып табылмайды.
3. Егер педагогқа жұмыстың бірінші жылына жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының бір бөлігі аванспен берілсе, білім беру ұйымы қандай тәуекелдерге ұшырайды? Егер кенеттен педагог демалыс аяқталғаннан кейін еңбек шартын бұзғысы келетінін мәлімдейтін болса, педагогтың еңбек демалысы берешегі қалады ма?
Ешқандай тәуекел болмайды. Толық еңбек демалысы бір жұмыс жылына беріледі. Кодекстің 92-бабы 2-тармағына сәйкес жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды, 56 күнтізбелік демалыс күні жұмыс жылының ішіне кіреді.
Мысалы, педагог 2024 жылдың 1 тамызында жұмысқа қабылданды. Ол үшін жұмыс жылы 2024 жылғы 1 тамыздан бастап 2025 жылғы 31 шілдеге дейін 12 ай жұмыс істейтін күн болады.
Егер бұл педагогқа 56 күнтізбелік күнге созылатын еңбек демалысы 2025 жылғы 1 маусымнан бастап берілсе, онда демалыстың аяқталу күні 2025 жылғы 27 шілде болады. Жұмысқа шығу уақыты 2025 жылдың 28 шілдесі болады.
Егер педагог жұмыс жылы ішінде еңбек ақысыз демалыс алмаса, жұмысты себепсіз қалдырмаса, онда жұмысқа шыққаннан кейін жұмыс жылы аяқталғанға дейін оған 4 күнтізбелік күн қалады.
Қалай болғанда да, Кодекстің 56-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы. Осылайша, жұмыс беруші жұмыскерді толық жұмыс жылын аяқтау мақсатында бір ай жұмыс орнында ұстауға құқылы.
Ескерту мерзімі аяқталғанға дейін жұмыстан шығару жұмыскердің еркімен еңбек демалысы бойынша аванспен алған күндерін өтеген жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.