
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ МЕРЗІМДІ ЕСЕПТЕУ
Еңбек заңнамасында мерзімдерді есептеу маңызды сұрақ болып келеді, себебі тәжірибеде мерзімді өткізіп алу жұмыс беруші мен жұмыскерге ауыр құқықтық салдар әкеп соғуы мүмкін.
Еңбек құқығында мерзім – бұл еңбек қатынастарының тараптары үшін белгілі бір салдарды белгілейтін заңды факт.
Еңбек қатынастарында мерзімнің бірнеше түрлері қолданылады. Ол уақыттың бір бөлігі, күнтізбелік күн, белгілі бір оқиғаны көрсету т.б. болуы мүмкін.
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 13-бабы мерзімдерді есептеудің жалпы ережелерін белгілейді. Олар еңбек құқықтары мен міндеттерінің пайда болуы, өзгеруі және тоқтатылуы туралы барлық жағдайларда қолданылады. Кодекспен мерзімдерді есептеудің үш түрі айқындалған:
күнтізбелік күнді көрсету;
жылдармен, айлармен, апталармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңінің аяқталуы;
басталуы тиіс оқиғаның пайда болуын көрсету.
Күнтізбелік күн
Мысал ретінде Кодекстің 36-бабы 1-тармағының нормасын көрсетуге болады, оған сәйкес еңбек шартында белгіленген сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен есептеледі.
Егер еңбек шартында еңбек міндеттерін орындаудың бірінші күні 2025ж.01.09. болса, дәл осы күннен бастап сынақ мерзімі есептеледі.
Уақыт кезеңінің аяқталуы
Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің ағымы оқиғаның басталуы айқындалған, оқиға басталған күнтізбелік күннен кейінгі келесі күні басталады (Кодекстің 13-бабы 3-тармағы).
Мысалы, Кодекстің 53-бабы 9-тармағына сәйкес еңбек шартын бұзуға жұмыскер ҚР Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып және еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып жол беріледі.
Бұл нормада жұмыс беруші жұмыскерді зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін алдағы уақытта онымен еңбек шарты бұзылатыны туралы хабардар етуі тиіс екендігі туралы айтылады және ол хабарлама жұмыстан шығарылған күнге дейін кемінде бір ай бұрын табыс етілуге тиіс.
Жұмыскер зейнеткерлік жасқа 2025 жылдың 28 ақпанында толды. Бұл жұмыскермен еңбек шартын Кодекстің 52-бабы 1-тармағы 24)-тармақшасы негізінде бұзу туралы хабарламаны 28 ақпаннан бір күн өткеннен кейін кез келген күні беруге болады. Бұл ретте, хабарлама тапсырылған күннен бастап еңбек шарты бұзылған күнге дейін міндетті түрде кемінде бір ай өтуі тиіс. Егер хабарлама 2025 жылдың 03 наурызында тапсырылған болса, еңбек шартының бұзылуы 2025 жылдың 04 сәуірінен кеш емес мерзімде болуы тиіс, яғни хабарлама тапсырылған сәттен бастап бір ай мерзім өткеннен кейін жасалуы мүмкін.
Жылдармен, айлармен, апталармен есептелетін мерзімдер соңғы жылдың, айдың, аптаның тиісті күндері аяқталады.
Тиісті күн болып мерзімді санаудың басталу күні болып саналады.
Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады (Кодекстің 13-бабы 4-тармағы).
Айлардағы мерзімді есептеу кезінде барлық айларда күндер саны бірдей болмайтындығын ескеру қажет. Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Мысалы, егер жұмысшының сынақ мерзімі 1 желтоқсаннан бастап үш айға белгіленсе, онда сынақ мерзімінің соңғы күні 28 ақпан (секіріс жылы 29) болады.
Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады.
Егер Кодексте өзгеше көзделмесе, мерзімнің соңғы күні жұмыс күні емес күнге келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі (Кодекстің 13-бабының 5-тармағы).
Басталуы тиіс оқиғаның пайда болуы
Мерзiм күнтiзбелiк күннiң немесе уақыт бөлiгiнiң көмегiмен ғана емес, сондай-ақ басталуы тиiс белгiлi бiр оқиғаны көрсету жолымен де белгiленуi мүмкiн.
Еңбек заңнамасындағы оқиға деп еңбек шартын тоқтату немесе бұзу, жұмыскердің еңбек демалысына кетуі, уақытша еңбекке жарамсыздықтың басталуы, жүктілік және босану және басқа жағдайлар түсініледі. Оқиғаның басталуы да мерзімдерді есептеумен байланысты.
Кодекстің көптеген нормаларында белгілі бір оқиғаның туындауы еңбек құқықтары мен міндеттерінің туындауымен, өзгеруімен немесе тоқтатылуымен байланысты.
Бұрын келтірілген мысалға оралатын болсақ, Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 24) тармақшасында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу құқығы жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толғандағы жағдай басталған кезде туындайды.
Сағатпен есептелетін мерзім
Мерзімдерді есептеудің жалпы ережелерін белгілейтін Кодекстің 13-бабында сағатпен есептелетін мерзім туралы айтылмайды. Алайда, Кодексте мұндай жағдайлар да қарастырылған. Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 8 тармақшасына сәйкес, жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайда, жұмыс беруші өз бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға құқылы.
Мерзімдердің бұл түрін есептеу кезінде, тіпті тәулігіне 24 сағат болса да, бұл олардың ағымдағы күннің түнгі 12-де аяқталатынын білдірмейтінін есте ұстаған жөн. Мұндай мерзім жұмыс күні аяқталған сәтте аяқталады, оның ұзақтығы, басталуы мен аяқталуы еңбек шартымен айқындалады.