
ЖАС ҰСТАЗДАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Бүгін «100 ЖЫЛДЫҚ ЖОЛ: ЖАС ҰСТАЗ - ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ТІРЕГІ» жас ұстаздардың республикалық жазғы лагерінің салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандар білім берудің өзекті мәселелерін талқылап, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін шыңдады.
Салтанатты шарада Салалық кәсіподақтың Құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Р. Қыдырбаева өз сөзінде жазғы лагерь барысында жас мамандардың белсенділігі мен ынтасын ерекше атап өтіп, лагерь жұмысының нәтижелі әрі мазмұнды өткенін тілге тиек етті. Ол осы алаңның жас ұстаздар үшін тәжірибе алмасудың, кәсіби дамудың және ортақ құндылықтарды қалыптастырудың тиімді алаңы болғанын айта келе, қатысушыларға алдағы еңбек жолында табыс тілеп, шараның сәтті қорытындылануымен құттықтады.
Сонымен қатар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы, профессор М. Сыдықназаров жастардың білім мен ғылым жолындағы белсенділігін жоғары бағалап, жас ұстаздарға сәттілік тіледі.
Салалық кәсіподақтың Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Е. Иманбаев жастардың кәсіподақ қозғалысына белсене қатысуының маңызын атап өтті.
Ал Салалық кәсіподақтың Жастар ісі жөніндегі төрағасы А. Бітімбай лагерь аясында өткен іс-шараларға тоқталып, белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс білдірді.
Шара барысында қатысушыларға Сертификаттар мен Алғыс хаттар табысталып, ең белсенді қатысушылар Құрмет грамотамен марапатталды.
Сонымен қатар, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша жас мамандар кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, жаңа достар мен әріптестер тапқанын атап өтті.
-
Фото
-