
ПРОФЕССОР ЕҢБЕГІ
Бірнеше жылдан бері Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Заманауи зерттеулер институтының директоры, саясаттану бойынша философия докторы (PhD), профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен әріптестік қатынаста жұмыс жасап келеміз.
Биылғы жылы да Алакөл жағалауында «100 жылдық жол: жас ұстаз – жаңа дәуірдің тірегі» тақырыбында жас педагогтарға арналған дәстүрлі республикалық жазғы лагерінде профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жас ұстаздар - Салалық кәсіподақ мүшелеріне “Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында” атты дәріс оқып, шабыттандырды. Бұл жас педагогтерге тарихтың тағылымын алуға зор септігін тигізді деп ойлаймын.
Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты ғылыми еңбегімен танысып, онда 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарынан қалыс қалып көрмеген. Олардың арасында Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттерде басылған карталар бар. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.
Бұл еңбек Қазақстан тарихын зерттеу саласындағы ғылыми жаңалық ғана емес, сонымен қатар ұлттық өзін-өзі тануды, егемендікті және геосаяси субьективтілікті нығайту үшін де өте зор маңызға ие. Жас ұрпаққа тың деректер ұсынылған ғылыми туындыны әр қайсымыз оқуымыз керек деген пікірдемін.
Қазақ мемлекеттілігінің тарихи картографиясын дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі мемлекеттік комиссияға хат жолдап, 21 мүшелік ұйымның атынан қолдау білдіреміз.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева
-
Фото
-