
КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
20 жыл еңбек өтілі бар мұғаліммін. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық сақтандыру жарналары төленбегенін, емханаға жүгінген жағдайда сақтандыру жарналарынсыз қызметтер ақылы негізде берілетінін анықтадым. Бухгалтериядан көпбалалы ана ретінде менен жарналар ұсталмағаны айтылды. Осы мәселенің заңдылығын анықтап беруді сұраймын.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР кодексінің 1-бабы 17-3)-тармақшасына сәйкес көпбалалы отбасы болып құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жалпы орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы немесе кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы танылады.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 26-бабы 1-тармағы 11)-тармақшасына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар аударымдар төлеуден босатылады, яғни бұл санатқа мемлекеттен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (бұдан әрі – МӘМС) жарналары төленеді.
Осыған орай, төрт немесе бес кәмелетке толмаған балалары бар қызметкерлер МӘМС жүйесіне «жарналарды төлеушілер» болып кіреді.
Сұрақта көрсетілген мәліметке сүйенсек, МӘМС жарнасының төленбеуі бухгалтердің жіберген қателігінен орын алған. Бухгалтер төлемдерді тиісті мерзімдерде аудару керек еді. Көпбалалы қызметкерден төлем жүргізілмейтін жағдайларда Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 478 бұйрығымен керу қайтарылу қарастырылған.
МӘМС жүйесін қалпына келтіру мақсатында, жұмыс беруші тарапы қателіктерді заңдастыру үшін, қызметкердің келісімі негізінде жалақыдан Қорға өткізіп алған мерзімге тиісті жарнаны аудару керек немесе қызметкерге «дербес төлемші» ретінде төленбеген жарналарды төлеп, алдағы төлемдерді жұмыс орнынан жаңартуы қажет деп санаймыз.