
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашеваның Білім күнімен құттықтауы
ҚҰРМЕТТІ АТА-АНАЛАР!
АРДАҚТЫ ӘРІПТЕСТЕР!
ҚЫМБАТТЫ ОҚУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР!
Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Білім - адамды тұлға ретінде қалыптастыратын, қоғамды ілгерілететін, мемлекетімізді қуатты ететін ең басты құндылық.
Жарқын мереке - жаңа бастамалардың, үлкен мүмкіндіктер мен тың белестердің символы. Сондықтан жаңа оқу жылы әрқайсымыз үшін ерекше мәнге ие.
Арнайы құттықтауымды мектеп, колледж және жоғары оқу орынның табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен студенттерге жолдағым келеді: алда сіздерді қызыққа, ізденіске, жаңа білімге толы күндер күтіп тұр. Білім жолындағы әр жетістіктеріңіз сенімге, әр қадамдарыңыз табысқа толы болсын!
Ерекше ізгі тілегімді ұстаздық жолын енді ғана бастаған жас педагогтарға арнаймын. Бүгінгі жас мамандар - ертеңгі білім саласының тірегі. Еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру, рухани байлығын еселеу, сапалы білім арқылы мемлекетіміздің келешегін қалыптастыруда сіздерге үлкен үміт артылуда.
Салалық кәсіподақ ұйым мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Біз педагогтардың мәртебесін көтеру, жұмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жолында жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
Жаңа оқу жылында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Баршаңызға мықты денсаулық, сарқылмас жігер, шығармашылық шабыт тілеймін! Жаңа оқу жылы әрқайсыңыз үшін жарқын жаңалықтарға, тың идеяларға, ұлы мұраттарға жетелейтін табысты жыл болғай!
Құрметпен,
Салалық кәсіподақ төрағасы
Айгүл Мұқашева