
КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Еңбек демалысымның ақысы толық берілмеді. Есепші маған жыл бойы артық төленген айлық ақының шегерілгенін және әрі қарай да жалақымнан қалған бөлігі ұсталатынын айтты. Осы әрекет қаншалықты заңды?
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі –Кодекс) 115-бабына сәйкес жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодексте көзделген жағдайларда жүргізіледі.
Жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу жұмыскерді хабардар ете отырып келесі жағдайларда жүргізіледі:
1) іссапарға байланысты, сондай-ақ іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттарды бермеген жағдайда жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін;
2) оқыту шарты болған кезде жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды жұмыс берушіге еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды түрде өтеуді көздейтін жағдайларда;
3) жалақы есебінен жұмыскерге берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін;
4) жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізілген жағдайларды қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан кері шақыртып алу жағдайларында;
5) жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші актісінің негізінде жүргізілуі мүмкін.
Маңызды!
Бірнеше атқарушылық парақтары бойынша жалақыдан ұстап қалу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және жоғарыда көрсетілген жағдайларда ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.