
ЕҢБЕКШІ МИГРАНТТАР МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ДИАЛОГ
Халықаралық еңбек ұйымының шақыруымен 17–18 қыркүйек күндері Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының делегациясы Литвада екі күндік семинарға қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, қабылдаушы елдердің оларды кәсіподақ ұйымдарына интеграциялауға жәрдемдесу, сондай-ақ сындарлы диалог пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Семинар жұмысына Литва, Армения, Әзербайжан, Грузия, Украина, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан кәсіподақтарының өкілдері қатысты.
Семинар жұмысы ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Sergejus Glovackas пен Литва Кәсіподақтар конфедерациясы «Solidarumas» Бас хатшысы Daiva Kvedaraite алғысөзімен ашылды.
Sergejus Glovackas өз сөзінде Халықаралық еңбек ұйымының көші-қон саласындағы саясатына жан-жақты тоқталып, ұйымның басты қағидаты адам құқықтарын қорғау екенін ерекше атап өтті.
Әр елден келген делегаттар өз мемлекеттеріндегі еңбекші-мигранттардың ахуалы, олардың еңбек жағдайлары, мигранттардың мүдделерін қорғаудағы және оларды кәсіби әрі қоғамдық өмірге бейімдеудегі кәсіподақтардың рөлі туралы баяндады.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, әлеуметтік диалог құралдары арқылы еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау тәжірибесімен бөлісті, өз сөзінде жүйелі тәсіл мен мемлекеттік құрылымдармен әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
Семинардың екінші күнінде Литваның Еңбек және әлеуметтік істер министрлігінің және Мемлекеттік көші-қон департаментінің өкілдері көші-қон үдерістерін реттеу және еңбеккерлерді әлеуметтік қорғау тәжірибесімен бөлісті.
ХЕҰ-ның бас маманы Viktor Hugo Ricco еңбек көші-қоны саласындағы халықаралық еңбек стандарттары туралы баяндап, қазіргі сын-қатерлер мен оларды еңсерудің жолдарына назар аударды.
Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында еңбекші-мигранттардың көптеген елдерде құқықтық қорғалудың жеткіліксіздігі, жұмыспен қамтылудағы кедергілер, тілдік және мәдени тосқауылдар секілді ортақ қиындықтарға тап болатыны ерекше атап өтілді. ХЕҰ мигранттарды кәсіподақ қозғалысына тартуға ықпал ететін жаңа тәжірибелер мен саясаттарды енгізу қажеттігін, сондай-ақ шектеулерді еңсеру жолдарын қарастырудың маңызын атап өтті.
Барлық баяндамалар мазмұндылығы мен тереңдігімен ерекшеленді. Талқылау қорытындысы бойынша еңбекші-мигранттарға лайықты еңбек жағдайлары мен әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды.
Семинар аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының өкілдері Литва Білім, ғылам және спорт вице-министрі Rolandas Zuozaмен кездесті. Кездесу барысында Айгүл Мұқашева Салалық кәсіподақтың қызметі, Қазақстандағы әлеуметтік диалог жүйесінің дамуы және педагогтарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде вице-министр Литваның білім беру жүйесі туралы баяндап, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңына қызығушылық танытты.
Әңгіме барысында педагог мәртебесін арттыру мен салада әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту бағытындағы тәжірибе алмасудың маңызы атап өтілді. Осыған орай А.Мұқашеча Rolandas Zuozaны Қазақстанға биылғы жылдың қараша айында Алматыда өтетін Салалық кәсіподақтың халықаралық семинарына қатысуға шақырды.
-
Фото
-