
ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ БАСТАМАСЫМЕН ЕҢБЕК ШАРТЫН БҰЗУ ТУРАЛЫ
Кәсіподақтың Орталық комитетіне 5 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін педагогтардың «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңымен қарастырылған біліктілік санатын беру (растау) үшін аттестаттаудан өтуден бас тарту жағдайында, сондай-ақ міндетті аттестаттаудан өтпеген педагогтарға жұмыс берушінің іс-әрекеттеріне қатысты сұрақтар келіп түсуде.
Осыған орай жұмыс берушілердің назарына келесі түсіндірмені ұсынамыз.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 15-бабы 1-тармағы 3)-тармақшасына сәйкес педагог өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға (растауға) мідетті.
Педагогтарды аттестаттаудан өткізу ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілген Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қағидалардың 24-тармағына сәйкес аттестаттау комиссиясы педагогтарды аттестаттау нәтижелері бойынша қорытынды шешімді келесі тұжырымда қабылдайды:
1) мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді.
«Мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді» шешімін қабылдаған жағдайда қолданыстағы біліктілік санатын сақтау немесе қолданыстағыдан төмен біліктілік санатын беру туралы шешім қабылданады.
Қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау материалдары мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келген, бірақ педагогтің білімін бағалау (бұдан әрі - ПББ) өтудің шекті деңгейіне жетпеген жағдайда педагогқа біліктілік санатын беру жағдайында ПББ нәтижелерінен жоғары емес біліктілік санаты беріледі.
Сонымен қатар, аттестаттау талаптарының бұзу дерегі анықталған, сондай-ақ біліктілік санатын беруге (растауға) өтініш уақтылы берілмеген жағдайда аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша педагогке бір жыл мерзімге қолданыстағы деңгейден бір деңгейге төмен біліктілік санаты беріледі.
ПББ өткізу қағидаларын бұзу деректері қайта анықталған жағдайда педагог, бөлімнің басшысы (меңгерушісі), әдістемелік кабинеттің (орталықтың) әдіскері, білім беру ұйымы, әдістемелік кабинеттің (орталықтың) басшысының орынбасары – бес жылға, білім беру ұйымының, әдістемелік кабинеттің (орталықтың) басшысы – үш жылға аттестаттаудан өтуге жіберілмейді, бұл ретте біліктілік санаты аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша «педагог», «басшы», «басшының орынбасары» санаттарына дейін төмендейді.
Осыған орай, егер педагог аттестаттаудан үшінші рет өтпеген жағдайда жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 52-бабы 4)-тармақшасына сәйкес өз бастамасы бойынша жұмыскермен еңбек шартын бұзуға құқылы.
Бұл ретте, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 17-тармағымен жұмыскердің аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты еңбек шартын бұзу жағдайы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, құрамына жұмыскерлердің өкілі қатысатын аттестаттау комиссиясының шешіміне негізделуге тиіс деп көрсетілген.
Ал егер педагог аттестаттаудан өз еркімен дәлелді себептерсіз өтуден бас тартқан жағдайда, жұмыс беруші Кодекстің 52-бабы 4-1)-тармақшасына сәйкес, яғни жұмыскер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, атап айтқанда «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 15-бабы 1-тармағы 3)-тармақшасында көрсетілген, кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмейді деген негіз бойынша жұмыскермен еңбек шартын бұзуға құқылы.