
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ-2025»: САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ 9000-ҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ
2025 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы дәстүрлі түрде республикалық «Мектепке жол - 2025» қайырымдылық науқанына қатысты.
Науқанның мақсаты – аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан оқушыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға жаңа оқу жылына дайындалу барысында материалдық көмек көрсету.
Акция аясында Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары 9 000-ға жуық оқушыға жалпы сомасы 135 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Бөлінген қаражатқа мектеп формасы, спорттық киімдер, кеңсе тауарлары, жылы киім мен күзгі-қысқы аяқ киім сатып алынды.
Мұндай әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру тек білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар қоғамда ынтымақтастық, әлеуметтік жауапкершілік және өзара көмек құндылықтарын нығайтуға да ықпал етеді. Салалық кәсіподақ алдағы уақытта да өскелең ұрпақты қолдауға және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды белсенді түрде жалғастыратын болады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы баспасөз қызметі