
КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Мен Қазалы ауданынанмын, мектептерде зертханашы, кітапханашыларға ауылдық жерде тұрғандары үшін 25% үстеме ақы төленеді, ал қалған бухгалтерлерге, хатшы, іс жүргізуші, менеджер, программист, инженерлерге ол ақы төленбейді, себебі қандай?
ҚР Еңбек кодексінің 139-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде 25 пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
Аталған мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi орган мен келiсу бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
Сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 5-тармағы 1)-тармақшасына сәйкес ауылдық елді мекенде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде 25 пайызға арттырылып белгіленеді.
Осылайша, жоғарыда аталған тізбені жергiлiктi атқарушы орган жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша осы және өзге мамандардың қажеттілігіне қарай және әрбір ауданның қаржылық мүмкіндігіне қарай айқындайды.