ІССАПАРЛАРҒА АРНАЛҒАН ШЫҒЫСТАРДЫ ӨТЕУ ТУРАЛЫ
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай – ЕК) 1-бабы 82)-тармағына сәйкес іссапар – жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс басқа жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға, сондай-ақ кәсіптік біліктілігін тануға жіберу.
ЕК 127-бабы 1, 2 және 3 тармақтары бойынша Іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.
Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Іссапарларға арналған шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібі Үкіметтің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысымен бекітілген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларымен айқындалған (бұдан әрі – Қағидалар).
Қағидалардың 3-тармағына сәйкес Іссапарға жiберiлген қызметкердiң келесі шығыстары өтеледi:
1) iссапарда жүрген әрбiр күнi үшiн екі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерiнде тәулiкақы төленедi;
2) тұрғын үй-жайды жалдау бойынша:
мемлекеттiк мекемелердiң басшылары мен басшыларының орынбасарлары үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөнiндегi шығыстарды өтеу нормасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында тәулiгiне – он еселенген АЕК мөлшерiнен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – жеті еселенген АЕК мөлшерінен және аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде – бес еселенген АЕК мөлшерінен аспауға тиiс;
мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстарды өтеу нормасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында тәулігіне АЕК - жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда АЕК –алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде АЕК – төрт еселенген мөлшерінен және ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
3) іссапарда болатын жерге және тұрақты жұмыс орнына кері қарай жол жүру бойынша (іссапарға жіберілген тұлғаға әкімшілік тиісті қозғалыс құралын ұсынатын жағдайлардан басқа) көрсетілген жол жүру құжаттарының (жол жүру билеті мен отырғызу талонының, автобуспен жол жүрген кезде тек жол жүру билетінің) негізінде:
теміржолмен жүрген кезде – купе вагонының (жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе (ҰВ) вагондарды қоспағанда) тарифі бойынша;
мемлекеттiк мекеме басшысына әуе көлiгiмен жол жүрген кезде экономикалық класс авиабилетінің құны бойынша.
Қызметкердің iссапар орнынан тұрақты жұмыс орнына күн сайын қайтып келе алуы-келе алмауы туралы мәселені қашықтықтың ұзақтығын, көлiк қатынасының жағдайларын, орындалатын тапсырманың сипатын, сондай-ақ қызметкерге демалыс үшiн жағдай жасаудың қажеттiгін ескере отырып, iссапарға жiберiлетін қызметкер жұмыс істейтін – мемлекеттiк мекеменің басшысы шешедi.
Iссапарға жiберiлген қызметкер жұмыс күнi аяқталғаннан кейін өз еркiмен iссапар орнында қалған жағдайда, тәулiкақыларды өтеу және көлiктiк шығыстарға ақы төлеу Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жалпы негізде жүзеге асырылады.
Егер, iссапарға жiберiлген қызметкер тұрақты жұмыс орнына күн сайын қайтып келсе, онда тәулiкақы төленбей, жол жүру құжаттары болған кезде көлiктiк шығыстар ғана өтеледi.
Қағидалардың 6-тармағына сәйкес іссапарға жiберiлген қызметкерге iссапарға кетер алдында жол жүру ақысын, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстарды төлеуге тиесiлi сомалар және тәулiкақы беріледi.
Іссапардан оралғаннан кейiн қызметкер бес жұмыс күнi iшiнде іссапар бойынша шығыстар туралы растаушы құжаттарды қоса бере отырып, іссапар туралы есеп береді.
ЕК 115-бабы 2-тармағы 1)-тармақшасына сәйкес іссапарға қатысты берілген жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды жабу үшін, сондай-ақ іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда қызметкерге хабарлай отырып, жұмыс берушінің актісі негізінде қызметкердің жалақысынан ұстап қалулар жүргізілуі мүмкін екенін ескерген жөн!