КӘСІПОДАҚ МҰҒАЛІМНІҢ ТОЛЫҚ ЖҮКТЕМЕ АЛУ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ
Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданы соты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Андрей Зянкиннің КММ «Мамлют санаторийлік орта мектебі-интернатына» қарсы талап арызын ішінара қанағаттандырды. Педагог соттан аптасына кемінде 16 сағаттық оқу жүктемесін белгілеуді, төленбеген еңбекақыны және моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Сот А.Зянкиннің бірнеше жыл бойы заңда белгіленген нормадан төмен жүктемемен жұмыс істегенін анықтады, ал бастауыш сынып мұғалімдері, соның ішінде дене шынықтыру сабақтарын да өткізіп, артық жүктемемен еңбек еткен. Бұл бұзушылықты еңбек инспекциясының тексерісі де растаған.
Процеске оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының өкілдері қатысып, педагогтың Салалық келісім талаптарын сақтау және нормативтік жүктемені қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын қолдады.
Сот шешімімен мектеп А.Зянкинге аптасына кемінде 16 сағаттық оқу жүктемесін белгілеуге және 20 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын төлеуге міндеттелді. Сот шешімі Салалық кәсіподақтың сайтында жарияланды. https://www.edu-tradeunion.kz/.../resheniepostanov/146/
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі