АЛМАТЫДА ХЕҰ МЕН САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Алматыда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріндегі білім беру қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ қозғалысының тиімділігін арттыру және әлеуметтік диалогты дамытуға арналған екі күндік халықаралық семинар басталды.
Семинарды Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағымен бірлесіп ұйымдастырды.
Шараға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Армения және Өзбекстанның білім кәсіподағының өкілдері қатысуда.
Семинар бағдарламасы ХЕҰ конвенцияларын ұлттық заңнамада ратификациялау және іске асыру, еңбек құқықтарын қорғауда және ілгерілетуде кәсіподақтардың рөлін күшейту, жастарды кәсіподақ қызметіне тарту және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыру мәселелерін қамтиды.
Шара ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрайымы Айгүл Мұқашева алғысөздерімен ашылды.
Сергеюс Гловацкас «Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі ХЕҰ саясаты. Жаңа халықаралық еңбек нормалары. ХЕҰ №192 конвенциясы» тақырыбында баяндама жасап, №192 Конвенциясының жұмыс орындарындағы биологиялық қауіптерді реттеудегі маңыздылығын атап өтті.
Ол №192 Конвенцияның әсіресе биологиялық қауіптердің өсу жағдайында білім саласы қызметкерлерінің денсаулығын қорғаудың негізгі құралы екенін айтты.
Гловацкас кәсіподақтардың халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық деңгейде насихаттауда шешуші рөл атқаратынын және нақты еңбек жағдайларын жақсартуда маңызды екенін жеткізді.
Семинарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры Ляззат Ақтаева «Қауіпсіз еңбек саласындағы ұлттық саясатты іске асыру контекстінде ХЕҰ жаңа №192 Конвенциясын ілгерілету мен қолданудың перспективалары» тақырыбында баяндама жасап, Конвенцияны ратификациялау мен енгізудің еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру, тәуекелдерді басқаруда алдын алу тәсілдерін нығайту және өндірістік қауіпсіздік мәдениетін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
Ол халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға бейімдеу, еңбек қауіпсіздігі мамандарының кадрлық әлеуетін дамыту және Конвенцияны іске асырудағы әлеуметтік әріптестердің рөлін ерекше атады.
Ақтаеваның сөзінше, Конвенцияны ратификациялау қызметкерлердің денсаулығын нығайтып, кәсіби аурулардың алдын алуға, сондай-ақ кәсіпорындардың биологиялық қауіптерге төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Семинар жұмысы қатысушылардың баяндамаларымен жалғасты.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева ««Пандемияларға жаһандық дайындық: ХЕҰ №192 Конвенциясы аясында жұмыс орындарындағы биологиялық қауіптерді басқарудың кешенді тәсілі»» тақырыбында баяндама жасады.
Ол COVID-19 пандемиясының Қазақстан мен бүкіл әлем үшін маңызды сынақ болғанын, еңбекті қорғауды ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі ретінде қарастыру қажеттілігін атап өтті.
Айгүл Мұқашева №192 Конвенциясының ратификациясы мен іске асырылуы Қазақстан үшін еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтуға және биологиялық тәуекелдерге төзімділікті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Бүгінгі семинар қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу және орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің кәсіподақтары үшін тиімді өзара әріптестік механизмдерін қалыптастыруға арналған маңызды алаң болып отыр. №192 Конвенцияны іске асыру – биологиялық қауіпсіздік пен әлеуметтік қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қадам», – деді ол.
Сөз соңында Айгүл Мұқашева еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кәсіподақтың басымдығы екенін және биологиялық қауіпсіздік принциптері ұлттық саясат пен ұжымдық келісімдерге енгізілуі тиіс екенін атап өтті.
Қырғыз Республикасының Баткен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Завиридин Бөтөков білім беру ұйымдарындағы биологиялық қауіпті факторлардың алдын алу және олардан қорғану шаралары туралы баяндады. Ол Қырғызстан тәжірибесін бөлісіп, педагогтар мен оқушылардың денсаулығын қорғау шараларын әзірлеу және енгізуде кәсіподақтар мен мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен өзара ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты.
Тәжікстанның білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Зулхия Нозакзода №192 Конвенция қызметкерлерді биологиялық қауіптерден қорғаудағы халықаралық маңызды құжат екенін және білім беру мен ғылым саласына биологиялық қауіптердің жиі әсер ететінін айтты. Ол мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың халықаралық стандарттарды енгізу бойынша бірлескен іс-қимылын ерекше атады
«Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау – еңбек адамына құрмет және мемлекеттің өз азаматтарына деген жауапкершілігінің көрсеткіші», – деді ол.
Моңғолияның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы федерациясының мүшесі, Улан-Батор қаласындағы №113 мектептің кәсіподақ мүшесі Энхтулга Мөнхцэцэг Моңғолияда №192 Конвенцияны іске асыру барысы мен түйткілді мәселелері туралы баяндады.
Екі миллионнан астам кәсіподақ мүшесі бар Өзбекстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының республикалық кеңесінің өкілі Әлия Измайлова «Өзбекстанда ХЕҰ №192 Конвенциясын ратификациялау перспективалары: білім беру жүйесі мен қызметкерлер құқықтарын қорғаудың маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол Конвенцияның ратификациялау оқу бағдарламаларын жаңарту, еңбекті қорғау, санитария және биологиялық қауіпсіздік бойынша кадрлар даярлау, сондай-ақ сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға арналған мүмкіндік деп атады.
Семинар барысында кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді, бұл ХЕҰ бастамаларын тиімді ілгерілетуге және тәжірибе алмасуға жол ашады. Сөз сөйлегендердің әрқайсысы ұлттық білім беру жүйелері мен кәсіподақ жұмысының ерекшеліктерін айқындап, жалпы түйткілді мәселелер мен басымдықтарды бағамдады.
Семинар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің кәсіподақтары арасындағы тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды нығайтуда маңызды алаңға айналды, бұл ынтымақтастық, бірлік пен диалог арқылы ғана білім қызметкерлерінің еңбек құқықтарын нақты қорғауға болатынын білдірсе керек.
Семинар жұмысы ертең де жалғасады. Ертең «Жастар саясаты және кәсіподақтарда жастарды ілгерілету» атты тақырыптық сессия өтеді. Қатысушылар жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңа буын көшбасшыларын даярлау және аймақтық деңгейде жастар бастамаларын дамыту механизмдерін талқылайды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-