ХЕҰ МЕН САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Бүгін Алматыда Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық семинар өз жұмысын аяқтады.
Іс-шараның екінші күні «Жастар саясаты және кәсіподақтарда жастарды ілгерілету» тақырыбына арналды.
Семинар жұмысы Қазақстан мен Қырғызстанның білім кәсіподақтары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімінен басталды.
Меморандумға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева мен Қырғыз Республикасы Білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Саламат Боёнов қол қойды.
Қол қою рәсімі барысында Айгүл Мұқашева бауырлас елдердің кәсіподақтары арасындағы диалогтың маңыздылығын және олардың атқарып отырған маңызды миссиясын атап өтті.
«Меморандумға қол қою Қырғызстан мен Қазақстан кәсіподақтарының достығы мен ынтымағын білдіреді. Бізді еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділдікті арттыру және кәсіби құзыреттілікті дамыту жолындағы ортақ мақсаттар біріктіреді. Бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу екі тарап үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Қырғыз Республикасы Білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Саламат Боёнов.
Сессияны ашқан ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас жастар саясатын дамыту мен елдер арасындағы тәжірибе алмасу кәсіподақтардың тұрақты дамуы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Жастар - кәсіподақ қозғалысының қозғаушы күші, тұрақтылық пен жаңарудың кепілі. Жас мамандардың бастамасы кәсіподақ қозғалысына жаңа серпін беріп, дамуға мүмкіндік береді», -деді ол.
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағындағы жастар саясаты және жастарды ілгерілету» тақырыбында Салалық кәсіподақтың ОК бөлім жетекшісі Ернар Иманбаев баяндады.
Салалық кәсіподақта 151 мыңнан астам жас маман бар, бұл ұйым мүшелерінің төрттен бірін құрайды. Барлық деңгейдегі кәсіподақ құрылымдарында Жастар істері жөніндегі кеңестер табысты жұмыс істеп, жас педагогтарды кәсіподақ қызметіне тарту стратегиясын белсенді жүзеге асыруда.
«Жастар саясатының тиімділігінің ең маңызды көрсеткіші – жас мамандардың кәсіподақтың басшылық және алқалы органдарына тартылу деңгейі. Өңірлердегі кәсіподақтың алқалы және сайланбалы органдарындағы жас кадрлардың үлесі 16%-дан 46,8%-ға дейінгі аралықты құрайды, бұл негізгі шешімдерді қабылдау кезінде олардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді», – деді Е. Иманбаев.
Ол Қазақстанның салалық кәсіподағы жүргізіп отырған жастар саясаты белсенді қалыптасу кезеңінде екенін және оның қазірдің өзінде елеулі оң нәтижелер көрсетіп отырғанын атап өтті.
Қырғызстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақ-Су аудандық комитеті төрағасы Қайрат Талантбеков жастар саясатының кәсіподақ қозғалысын дамытудағы маңыздылығын айтып өтті. Ол жастармен жұмыс жасау кадрлық саясаттағы басым бағыттардың бірі әрі кәсіподақ жүйесін модернизациялаудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Біздің кәсіподақта белсенді, ұстанымы берік, мақсаты айқын жастардың жаңа буыны қалыптасуда. Жастардың бастамашылдығы мен жаңа көзқарасы арқасында кәсіподақ қозғалысы дамып, күшеюде», — деді Қ.Талантбеков.
Монголияның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы федерациясының мүшесі, Ұлан-Батырдағы №113 мектептің кәсіподақ мүшесі Энхтулга Мөнхцэцэг өз елінің тәжірибесімен бөлісті. «Моңғолияда федерацияның жастар саясатының басты мақсаты - жұмыс істейтін және оқитын жастардың құқықтарын қорғау, оларды кәсіподақ қатарларына тарту және жаңа көшбасшыларды дайындау»,- деді ол.
Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ёрзода Фозил жастар саясаты – кәсіподақтың стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағын жас, белсенді және бастамашыл төраға басқарауы - біз үшін ерекше мақтаныш. Оның үлгісі кәсіподақтың жастарға сенетінін және жастарға жетекші лауазымдарға шығуға нақты мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді», - деді ол.
Өзбекстандағы жастар саясатын Каршин қалалық кәсіподақ бөлімшесінің төрағасы Шерзод Юлдашев баяндап, жас мамандарды қоғамдық және кәсіподақ қызметіне тарту кәсіподақ қозғалысын жаңартудың басты негізі екенін айтты.
Сессия соңында қатысушылар кәсіподақтарда жастарды ілгерілету тәжірибесін талқылап, тәжірибе алмасып, аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге ұсыныстарын жеткізді.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева Халықаралық еңбек ұйымына және Сергеюс Гловацкаска семинарды ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Бұл семинар тәжірибе алмасу және жаңа әдіс-тәсілдерді талқылау үшін керемет алаңға айналды. Жастар - кәсіподақ қозғалысының стратегиялық ресурсы және біздің ортақ мақсатымыз жастарды кәсіподаққа тарту үшін қолайлы жағдай жасау»,- деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Айгүл Мұқашева шетелдік әріптестер мен Салалық кәсіподақ активіне семинар жұмысына белсенді қатысқандары және конструктивті пікір білдіру арқылы шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқандары үшін алғыс айтып, талқылау нәтижелерінің аймақтық ынтымақтастықты нығайту мен кәсіподақ әлеуетін дамытуға септігін тигізетінін жеткізді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-