ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ РӨЛІ
Бүгін Өскемен қаласында «Еңбек қатынастарын реттеудегі әлеуметтік әріптестіктің рөлі» атты семинар өтті. Іс-шара білім жүйесі мен кәсіподақ қозғалысы өкілдерін біріктіріп, білім саласындағы еңбек қатынастары мәселелерін жан-жақты талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.
Семинар жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу-әдістемелік жұмыстар департаментінің бас маманы Гүлден Мұхамбетжанова, Министрліктің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының музыкалық, көркем-эстетикалық шығармашылық бөлім әдіскері Гүлжан Нәлібаева, ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов қатысты.
Семинар жұмысын Салалық кәсіподақтың ШҚО ұйымының төрағасы Назгүл Қасенова ашып, жүргізіп отырды.
Назгүл Қасенова еңбек қатынастарын тиімді шешу және педагогтардың еңбек жағдайларын жақсартудағы кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік тараптарымен сындарлы ынтымақтастығының маңызды рөлін атап өтті.
Семинарға қатысушылары алдында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйледі. Ол салалық кәсіподақ қызметіне қатысты жан-жақты ақпарат беріп, атқарылған жұмыс нәтижелерімен таныстырды.
«Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында мақсатты жұмыс жүргізуде. Біздің міндетіміз – әр кәсіподақ мүшесіне кәсіподаққа сенім артып жүгінуге және олардың құқықтарының қорғалуына жағдай жасау»,– деді А.Мұқашева.
ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов өңірде әлеуметтік әріптестік аясында сала қызметкерлерінің өзекті мәселелері шешіліп жатқанын атап өтті.
Басқарма басшысы Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы мен «ШҚО білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісім аясында жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде ақпарат берді.
Есепті кезеңде сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, экологиялық куәлігі жоқ қызметкерлерге қосымша жеңілдіктер қарастырылды, біліктілігі жоқ қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақылары төленді, қызметкерлерге қосымша ақылы демалыс күндері ұсынылды және өзге де қолдау түрлері жүзеге асырылды.
«Енгізілген өзгерістердің нәтижесінде көрсетілген жеңілдіктердің жалпы көлемі 8 млрд 436,8 млн теңгені құрап, 26 462 кәсіподақ мүшесін қамтыды»,- деді басқарма басщысы.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу-әдістемелік жұмыстар департаментінің бас маманы Гүлден Мұхамбетжанова «Ұстаз» педагогтардың үздіксіз кәсіби даму платформасы арқылы өтетін аттестаттаудың ерекшеліктері туралы баяндады.
«Жаңа жүйе педагогтардың құзыреттілігін объективті бағалауға және олардың кәсіби өсуін қолдауға бағытталған», – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Гүлжан Нәлібаева 2025–2029 жылдарға арналған қосымша білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол саланың өзекті мәселелерін жеткізіп, жаңа форматтағы қосымша білім беруді жүзеге асыру схемаларын ұсынды.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева еңбек қатынастарының өзекті мәселелеріне тоқталды.
Семинар сұрақ-жауап сессиясымен қорытындыланып, қатысушылар пікір алмасып, еңбек заңнамасы нормаларын тәжірибеде қолдану , әлеуметтік әріптестік тараптары ынтымақтастығының түйткілді мәселелері талқыланды.
Семинарға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, қосымша білім беру ұйымдары мен колледж директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және кадр қызметінің мамандары. Қатысушылар құрамының кеңдігі талқылаудың мазмұнын байытып, білім саласындағы еңбек қатынастарын реттеудің барлық деңгейін қамтуға мүмкіндік берді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-