ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ
Елордада Жұмысшы мамандықтар жылына орай Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының «Еңбекке құрмет-болашаққа сенім» атты республикалық форумы өтті.
Шараға кәсіподақтар, мемлекеттік органдар және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің (ТжКБ) өкілдері қатысты. Форум адам капиталын дамыту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттырудың негізгі мәселелері талқыланған ашық алаңға айналды.
Форумның салтанатты бөлімі «Кәсіподаққа 100 жыл» деректі фильмінің көрсетілімімен басталып, қатысушылар кәсіподақ қозғалысының тарихымен танысты.
Форум жұмысын ашқан Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева биылғы жылдың жұмысшы мамандықтарды дамытудағы маңыздылығын атап өтті:
«2025 жыл – Қазақстан кәсіподақтары үшін мерейлі жыл. Біз биыл кәсіподақ қозғалысының 120, Салалық кәсіподақтың 100 және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өтіп отырмыз. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау – маңызды қадам әрі уақытылы шешім болды. Ең бастысы, кәсіби білімді дамытуға ерекше назар аударылды. Кәсіподақтар еңбек адамының мәртебесін көтеруге және оны қолдауға бағытталған мемлекеттік бастамаларды тұрақты түрде қолдайды», – деді Айгүл Мұқашева.
Кәсіподақ басшысы ұйымның стратегиялық бағытында еңбек адамы, оның қауіпсіздігі, лайықты жалақысы және әлеуметтік қорғалғандығы басты орын алатынын ерекше атап өтті. Кәсіподақ осы бағытты әрі қарай да жалғастырып, қызметкерлердің құқықтарын нығайта береді.
Форум қатысушылары алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйледі:
«Бұл жыл еңбек адамына құрмет көрсету арқылы қоғамның болашаққа деген сенімін арттыруға болатынын көрсетті. Жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын көтеру расында да сенімді нығайтып, дұрыс бағыт береді. Мамандарды оқытатын, құрылыс қарқынын күшейтетін, адамдарды емдейтін, металл өңдейтін, далада, цехтарда және шеберханаларда еңбек ететіндерді бағалағанда ел дамиды. Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамы – Қазақстанның болашағының негізі екенін дәлелдеді», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Форумға Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин қатысып, саланы нығайту үшін заңнамалық қолдаудың маңызды екенін атап өтті:
«Біз, депутаттар ретінде, еңбек адамының мүддесін қорғауға және оның экономикалық рөлін нығайтуға бағытталған заңнамалық бастамаларды ілгерілетуге дайынбыз», – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов қазіргі экономика талабына сәйкес білім жүйесін бейімдеудің қажеттілігін атап өтті:
«Қазіргі таңда еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі 772 колледжді қамтиды, онда 565 мың студент білім алуда. Студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті. ТжКБ жүйесі еңбек нарығының өзекті талаптарына сай болуы қажет. Биыл біз білім беру стандарттарын жаңарту мен дуалды оқытуды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, түлектерді нақты өндірістік тапсырмаларға дайындауды қамтамасыз етеміз».
Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат жетекшісі Мадияр Кожахмет ведомство мен кәсіподақ арасындағы сала қызметкерлерінің кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік әріптестіктің тиімділігіне тоқталды.
Министрлік өкілдері салада әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Соның арқасында салада өзекті мәселелер уақытылы шешіліп, бірлескен іс-шаралар мен бастамалар ұйымдастырылып, тиімді өзара әрекеттестік пен кәсіби ортаны нығайтуға қол жеткізілуде.
Форумның практикалық бөлімі тәжірибе алмасуға және нақты кейстерді талқылауға арналды. ТжКБ жүйесінің өкілдері: «Ертіс» Жоғары инновациялық аграрлық колледжінің директоры Айгүл Байжуманова, Орал технологиялық «Сервис» колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Лариса Савонина, Алматы сәулет, дизайн және инженерлік колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрлыхан Қойлыбаев өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сөйлеушілер өндірістік оқытудың қазіргі тәжірибесі, материалдық-техникалық базаны жаңарту қажеттілігі, дуалды бағдарламаларды дамыту және педагогтардың әдістемелік даярлығын арттыру жайлы айтты.
Форум барысында сала өкілдері, еңбек адамдары Кәсіподақтар Федерациясы мен Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Форумның салтанатты атмосферасы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-