КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Қоса атқару жағдайында жұмыс істейтіндерге уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне жәрдемақы төлене ме?
ҚР Еңбек кодексінің 1, 2 –тармақшаларына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен бекітілген Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларының 27-тармағы бойынша, егер адам бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істейтін болса еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бір жұмыс орны бойынша беріледі, адамның басқа жұмыс орындарына медициналық ұйым басшысы бекіткен және медициналық ұйымның мөрі қойылған еңбекке уақытша жарамсыздық парағының көшірмелері беріледі.
Сонымен, қызметкер бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істесе (қоса атқару жағдайы бойынша да), жәрдемақы әрбір жұмыс орнында тағайындалады және төленеді.
Жәрдемақы еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген мерзімге және еңбекақы төлеу мерзімінде төленеді.