САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚЫЗМЕТ МАМАНДАРЫНЫҢ СЕМИНАРЫ
Бүгін елордада оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық қызмет мамандарының семинары өтті.
Семинар жұмысын Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева мен Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев ашып, сала қызметкерлердің құқықтық қолғалуын жүйелі түрде күшейтудің және мемлекеттік органдармен әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Айгүл Мұқашева кәсіподақтың құқықтық қызметінің басымдықтары мен өзекті міндеттерін айқындап, еңбек заңнамасындағы өзгерістерге дер кезінде ден қою және қызметкерлерге құқықтық қолдауды күшейту қажеттілігіне назар аударды.
Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров құқықтық қызметтің кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы негізгі жұмыстары туралы, сондай-ақ еңбек дауларын қарау тәжірибесі мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері жөнінде баяндады.
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті басқарма басшысы Айман Дүйсембаева орта білім беру жүйесінде нормативтік құқықтық актілерді қолдану ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол бірінші басшылардың ротациясы, аттестаттау тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтарын тағайындау және қызметтен босату мәселелерін жан-жақты түсіндірді.
Министрліктің Орта білім комитетінің бас сарапшысы Жұлдыз Илюбаева 2012 жылғы 21 ақпандағы Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығына енгізілген өзгерістер туралы ақпарат ұсынып, кадрлық рәсімдерге қойылатын жаңартылған талаптар мен оларды қолдану тәртібін, бақылаудың жаңа тетіктерін атап өтті.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің директоры Сәуле Вильданова «Ұстаз» педагогтарды үздіксіз кәсіби дамыту ұлттық платформасы арқылы аттестаттау ерекшеліктерін түсіндіріп, оның педагогтардың кәсіби деңгейін арттырудағы маңызды рөлін жеткізді.
Оқу-ағарту министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының музыкалық, көркем-эстетикалық шығармашылық бөлімі әдіскері Гүлжан Нәлібаева қосымша білім педагогтарының еңбегін ұйымдастыру ерекшеліктеріне тоқталып, жұмыс жүктемесі, біліктілік талаптары және еңбек жағдайының спецификасын жан-жақты баяндады.
Әрбір баяндамадан кейін қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, практикалық жағдайларды талқылап, спикерлерден жан-жақты әрі нақты жауаптар алды. Бұл семинар-кеңестің мазмұндылығын және тиімділігін арттыра түсті. Семинар жұмысы ертең жалғасады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-