ТҮРКИЯДАҒЫ V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНГРЕСС
2025 жылғы 4-7 желтоқсан аралығында Түркияның Анталья қаласында Türk Eğitim-Sen және UAESEB ұйымдастыруымен Инженерлік ғылымдар мен жаратылыстану бойынша V Халықаралық ғылыми конгресс өтуде.
Конгресс әлемге әйгілі ғалым, түркі дүниесінің көрнекті өкілі профессор Октай Синаноғлуның 90 жылдық мерейтойына және 10 жылдық еске алуына арналды.
Форумға көптеген мемлекеттерден келген ғалымдар, университет мамандары, зерттеушілер, жас ғылыми кадрлар мен кәсіподақ өкілдері қатысуда. Биылғы конгрестің ғылыми бағдарламасына 459 баяндама енгізілген. Олардың ішінде Қазақстан ғалымдары мен кәсіподақ мүшелері дайындаған зерттеулер ерекше орын алады.
Делегация құрамында Орталық комитеттің өкілдері Е.С. Иманбаев пен Р.М. Қыдырбаева бар. Олар ресми бағдарламаға, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты дамыту, жас зерттеушілерді қолдаудағы кәсіподақтардың рөлі, академиялық интеграцияны нығайту және білім мен ғылым қызметкерлерінің еңбек құқықтарын ілгерілету мәселелеріне арналған халықаралық пікірталастар мен жұмыс кездесулеріне қатысуда.
Конгрессте Қазақстанның Ақтөбе, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының ғалымдары мен кәсіподақ мүшелері дайындаған 12 ғылыми баяндама ұсынылды. Олар инженерия, экология, биотехнология, материалтану, цифрландыру, энергия үнемдеу, білім беру, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және басқа да өзекті тақырыптарды қамтиды.
Баяндамаларда ұлттық сусын өндірудің инновациялық үлгілері, жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізу, өңірлік экологиялық зерттеулер, жаңа материалдар синтезі, Каспий теңізі балдырларын пайдалану, энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді цифрландыру, биофизикалық зерттеулер және басқа да бағыттар қарастырылған.
Бұл форум Қазақстан ғылымының әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, инженерлік және жаратылыстану салаларындағы жаңа серіктестіктерге жол ашады.
-
Фото
-