КӘСІПОДАҚ АКТИВІ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
6 ақпанда онлайн форматта оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы активінің Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиналысы өтті. Жиын барысында қатысушылар конституциялық өзгерістердің негізгі ережелерінің мемлекетті дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тұрғысындағы маңызын қарастырды.
Жиында сөз сөйлеген кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке деген сұранысын айқын көрсететінін, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, мемлекеттік биліктің ашықтығы мен есептілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті..
Талқылау қорытындысы бойынша қабылданған резолюцияда кәсіподақ активі мемлекеттің демократиялық негіздерін нығайтуға және мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарын күшейтуге бағытталған конституциялық реформалар бағытын қолдайтынын білдірді. Құжатта кәсіподақ мүшелері арасында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту үшін конституциялық жаңашылдықтарды тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа Конституцияны іске асыру аясында қабылданатын нормативтік құқықтық актілерді қоғамдық талқылауға кәсіподақтардың қатысуын жандандыру ұсынылды.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар әділдік, теңдік және еңбек адамына құрмет қағидаттарына негізделген Конституциялық принциптерге сәйкес мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Орталық комитет аппаратына еңбек, білім және ғылым салаларындағы заңнамаларға мониторинг жүргізуді жалғастыру, сондай-ақ жаңа Конституция нормаларын іске асыру барысында кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік және құқықтық қолдау көрсету тапсырылды.