КЕЛІСУ КОМИССИЯЛАРЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ
Шығыс Қазақстан облысының оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа да бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында облыстың колледждері, жоғары оқу орындары және басқа да білім беру ұйымдарының Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған «Еңбек даулары: туындау себептері және оларды шешу жолдары» тақырыбында оқыту семинарын өткізді. Семинарға Келісу комиссияларының құрамына кіретін өңірдің білім беру ұйымдарынан барлығы 60-тан астам тыңдаушы қатысты.
Іс-шара барысында еңбек қатынастары саласындағы құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері, білім беру ұйымдарында еңбек дауларының туындауына әкелетін негізгі себептер, сондай-ақ оларды сотқа дейінгі тәртіпте тиімді реттеу тетіктері жан-жақты талқыланды.
Қатысушылар жеке еңбек дауларын қарау тәртібін, келісу комиссиясы шешімдерін рәсімдеуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ білім беру ұйымдарында тұрақты әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастырудағы әлеуметтік әріптестік пен тараптар арасындағы сындарлы диалогтың маңызын талқылады. Семинар тәжірибе алмасуға, келісу комиссиясы мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек жанжалдарды конструктивті түрде шешу мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
-
Фото
-