КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Қосымша білім беру ұйымынан жалпы орта мектепте «Жаһандық құзыреттілік» пәнінің мұғалімі лауазымына ауыстым. Қосымша білім беру педагогы ретінде алған педагог-модератор біліктілік санатым «Жаһандық құзыреттілік» пәніне сақтала ма?
Педагогтардың біліктілік санатына қатысты белгіленген тәртіптер «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен реттеледі (әрі қарай - Қағидалар).
Қағидалардың 11-тармағына сәйкес педагог жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандарды кәсіби даярлау жүзеге асырылмайтын пәндерді немесе курстарды оқытқан жағдайда, оның бұрын алған санаты сақталады. Кейінгі аттестаттау Қағидаларда айқындалған тәртіппен атқаратын лауазымы бойынша жүргізіледі.
Осылайша, педагог «Жаһандық құзыреттілік» курсынан сабақ берген жағдайда, оның бұрын алған санаты сақталады, сәйкесінше біліктілік санаты үшін белгіленген қосымша ақы «Жаһандық құзыреттілік» курсының оқу жүктемесіне төленуі тиіс.