МҰҒАЛІМДЕР «МЕРКЕДЕ» ДЕМАЛДЫ
Оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, мектеп қабырғасында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбектері жыл сайын еленіп келеді...
Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы педагогтардың мүддесін қорғап қана қоймай, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға да көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте бала бағбаны атанған ұстаздар мен білім саласының мамандарының әлеуметтік мәселелерін шешу күн тәртібінен түспейді. Соның бір дәлелі, күзгі каникул кезінде 300-ге жуық Ақтөбе облысының ұстаздары Жамбыл облысындағы «Меrkе Radon» шипажайында демалды.
Тынығу және емделу бағытында аймақ ұстаздары ерекше әсер алды. Айта кетейік, «Merke Radon» - Қырғыз Алатауының Меркі шатқалында теңіз деңгейінен 720 метр биіктікте орналасқан отандық шипажай. Мұнда радонға бай минералды су көзі бар. Судың құрамындағы радон газының емдік қасиеті өте жоғары, минералдылығы 300 мг/л.
Ғалымдардың айтуынша, радон адам организміне тері арқылы еніп, терідегі нерв нүктелеріне, сол арқылы бүкіл организмге әсер етеді. Шипажайда жылдың қай мезгілінде болмасын емдеу қалыпты өтеді. Мың түрлі аурудың дауасы мен шипасы осы шипажайда. Мұның адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Аталған демалыс орнында барлық жағдай жасалған.
Демалуға барған білім қызметкерлерінің алғашқы күні шипажайға экскурсия жасаудан басталды. Демалушыларға SPA салондар, психологиялық кабинет, жабық емдік радонды бассейн, сауна, теннис орталығы, сұлулық салоны қызмет көрсетті. Емдік сауықтыру шараларымен қатар әсем табиғатын тамашалап, таза ауасын еркін тыныстауға мүмкіндік болды.
-
Фото
-