ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Кезінде қазақтың Ахмет, Ыбырай сынды біртуарлары меңзеген мұғалімдер қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, өңірлердегі білімді жастардың артуына үлес қосып жатыр. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі - Ақтөбе облысы Шалқар қаласы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Жоламанова Райса Тажығалиқызы.
Бала тәрбиелеуде сарқылмай қызмет етіп келе жатқан Райса Тәжіғалиқызы өз пәнін жақсы білумен қатар, білгенін балаға үйрете білген ұстаздардың қатарынан. Ол өз мамандығын шын сүйетін мұғалім, нағыз ұстаз деген атқа лайық болу үшін өз уақытын аямай, 35 жылға жуық білім саласында қызмет етуде...
Ол 1969 жылы 31 тамызда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Есет батыр ауылында дүниеге келді. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Райса Жоламанова қиын да күрделі мамандықты таңдап, мұғалім болды. 1976-1986 жылдар аралығында Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебін аяқтап, мұғалім болу үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық университетінің биология пәнінің мұғалімі мамандығында оқыды.
Ұстаз еңбек жолында шәкірттерінің бойына биология пәніне деген қызығушылықты арттырумен қатар, пәнді жетік меңгертуге барын салды. Әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибесімен алмасты. Қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінген ұстаз шәкірт алдына келгенде қарапайымдылықты жоғары қойды. Оқушымен тіл табысу, тәрбиемен қатар терең де сапалы білім беру мақсатына жетуге тырысты.
Әрбір ұстазынан үлгі-өнеге алған Райса Жоламанова сол ұлағатты жандардың ізімен жүріп келді. Талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді.
Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, жыл сайын қалалық, облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны үшін мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Расында, төгілген тер, адал еңбек міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері үздік жетістіктерге қол жеткізген.
– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек, – дейді ол.
Жақсы мұғалім – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын қоғамның ең озық тұлғасының бірі болып есептеледі. Бүгінгі біз сөз еткен ұстаздың да негізгі мақсаты осындай.
Ұстазы мықтының ұстамы мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Райса Жоламанованың шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.