ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ӘЛЕМ ҮШІН!
«Гендерлік зорлық – зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы аясында ШҚО білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша кәсіби даму институты курс тыңдаушыларының қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз әлем – мазасыздық пен көз жассыз әлем» облыстық акциясын іске қосты.
Акция әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жоюға бағытталған, хабардарлықты арттыру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, осы мәселені талқылау, оның шешімдерін іздеу үшін мүмкіндіктер жасау бойынша белсенді іс-қимылдарға шақырады.
Акцияға облыстың кәсіподақ ұйымдары қосылды. Әлеуметтік желілерде қалалар мен аудандардың білім беру ұйымдары қатысып, барлық жерде гендерлік құқықтарды қорғау бойынша іс-шаралар өткізілуде. Акция қорытындысы адам құқықтары күні қарсаңында өтетін ШҚО білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының отырысында шығарылады.