ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер!» деп қазақ бекер айтпаса керек. Халқымыздың даңқты перзенті, батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы міндет» дейді. Осы ұлы міндет жолында маңдай тері мен қажырлы еңбегін қалтқысыз жұмсап келе жатқан жандардың бірі – Жұмағалиева Айнагүл Құрманайқызы.
Саналы ғұмырын балаларға білім беруге арнап жүрген ардақты жан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1987 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, жоғарғы оқу орнын 1992 жылы аяқтаған. Білім мен еңбекті қатар ұстаған Айнагүл Құрманайқызы алғашқы ұстаздық жолын 1992 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты «Қызылту» негізгі мектебінен бастайды. Ал, 1995 жылдан бері Ембі қалалық № 2 орта мектебінде қызмет етіп келеді.
Айта кетерлігі жоғары білікті маманның жеткен жетістіктері де аз емес. Мұғалжар ауданының жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыстар атқарып, осыған дейін өз саласы бойынша республикалық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарған. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында тамыз педагогикалық оқу кезінде шеберлігімен дараланып, І орынды иеленсе, республикалық үздік педагогикалық идея байқауында «Сәндік – қолданбалы өнер» тақырыбы бойынша авторлық бағдарлама ұсынып, жеңімпаз атанған.
2017-2018 жылдары оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға қосқан үлесі үшін Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен, Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Одан бөлек, 2017 жылы «Сөз өнері» баспасынан «Өлеңім менің сырласым» атты өлеңдер жинағы және «Әдебиет пен өзін-өзі тану пәнін кіріктіре оқыту» әдістемелік құралы жарық көрді. Сонымен қатар 2019 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы мен «Ұлағат» журналында сыныптан тыс шара жасақтамасын жариялап, «Ұстаз тілегі» мен «Тәрбие.kz» сайтында пән бойынша ашық сабақтар, тәрбие сағаты жасақтамаларын жариялады. Жан-жақтылықты жанына серік еткен жанның шығармашылықта да айтарлықтай жетістіктер бар.
«Жаңартылған мазмұнды білім беру бағдарламасы аясында оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру және критериалдық бағалау жүйесінің ерекшеліктері» облыстық оқыту семинарына, «Өзара тәжірибе алмасу - сабақ сапасын жақсартудың тиімді жолдары» және «Жаңартылған білім мазмұны – жаңашылдыққа бастама» тақырыбындағы семинарларға қатысты.
Кез келгеніміз үшін аяулы есімге айналған қадірлі жандарға құрмет көрсету перзенттік, адами борышымыз екені рас. Бауыржан Момышұлы тағы бір сөзінде: «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен. Осы тұста Айнагүл Жұмағалиеваның өмірлік-интелектуалды тәжірибесінің арқасында ауданның, облыстың білім саласына қосқан елеулі үлесіне тоқталмау мүмкін емес.
Еңбек жолындағы дағдысы мен біліктілігінің арқасында оның оқушылары үлкен додаларда топ жарып келеді. Дәлірек айтсақ, Айнагүл Жұмағалиеваның жетекшілік еткен оқушылары «МАНЭИиИП» Сырттай интеллектуалды олимпиада «Қазақстан мақтанышы-2017» медалі иегері атанса, А.Байтұрсынұлы атындағы І Республикалық олимпиадасында, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Республикалық олимпиадасына қатысып, сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар, оқушылары «Ақберен» байқауына, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Ақбота» интеллектуалдық марафонына үздіктер қатарынан көрінген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, аяулы ұстаздан тәртіп пен тәрбиені, білім мен ізденісті қатар меңгерген оқушылар аз емес. Олар оқу-білім, спорт, өнер, қоғамдық жұмыстарда да алдыңғы қатардан көрініп, мектеп мерейін асырып келеді. Айнагүл Құрманайқызы алдағы уақытта да талай шәкіртті шыңдап, биік белестерге жетелейтініне кәміл сенеміз.
-
Фото
-