ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ
Мұғалім болу оңай көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мамандығын сүйетін нағыз ұстаз атану-бақыт әрі абырой. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің: «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» дегеніндей, ұстаз жолы - қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық атаулының ұлысы деп білемін.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Әбіш Кекілбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Роза Жақсығалиева қашан да құрметке лайық. Роза - білім мен тәрбиенің дәнін еккен бала жанының бағбаны. Актау қаласынан 1983-1987 жылдары Маңғышлақ педагогикалық училищесін тәмамдайды. Жас маманның ең алғаш еңбек жолы Онды орта мектебінде басталады. Бүгінде еңбегі еленген, шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі маман, ұлағатты ұстаз. Осынау ауыспалы заманда бір салада талмай, қажымай 40 жыл еңбек ету өз мамандығына деген сүйіспеншілігін және мамандығын дұрыс таңдағанын көрсетеді.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің еңбегімен дараланған ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын шәкірт тәрбиелеуге арнаған аяулы ұстаз. Шәкіреттері Мейрамгүл Қаржаубаева, Әсем Қарақұлшықова, Гүлжан Құлжанова, Айбике Есентемірқызы ұстаз жолын қуған бастауыш сынып мұғалім мамандары болса Сахи Сәкенұлы, Саян Алмасұлы, Жаннұр Амандыққызы, Перизат Естекбайқызы сынды шәкірттері республикада эссе жазудан Дипломдармен марапатталды. Бастауыш сыныптар арасында математикадан аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиададан жүлделі орындарға ие болған шәкірттері бір төбе.
Қырық жылға жуық атқарған ұстаз еңбегі өзінің өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Жас ұрпаққа білім берудегі еңбегі аудан, облыс, республика бойынша Алғыс хат, Дипломдармен еленді «Үлгілі әдіскер, сынып жетекші» сайыстарында Бас жүлде, 1, 2 орындар алып Диплом, марапаттарға ие болды.
Қашан көрсең де өз-өзіне сенімді,табанды,шыдамды мінезімен өзгелерге қолдау көрсете білетін, жарық сәулесін шашып тұратын мейірімді ұстаз ретінде әріптестері арасында: «мамандығым, байлығым-шәкірттерім» деп таныла білген ұлағатты ұстаз.
Роза апайдың мамандығына деген сүйіспеншілігі ерекше құрметі өзіне қуат береді. Ұлағатты ұстаз - отбасының тірегі, төрт баланың анасы, немере сүйген аяулы әже. Сондай-ақ әр шәкірттің шамшырағын жаға білген ардақты ұстаз.
Жақсығалиева Роза сынды ұстаздар еңбегі ел жадында қалмақ. Өйткені мұғалім ісі - тарихтағы ең ұлы істің бірі!
К.Саржанова,
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Онды ауылы, Ә.Кекілбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.