ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ?
Кәсіподақтың күші оның бірлігінде, бастауыш ұйымдардың мықтылығында. Ал, бастауыштардың бәсекеге қабілеттілігі мекемедегі әлеуметтік әріптестіктің пәрмені, ұжымда ауызбіршіліктің болуы мен одақ мүшелерінің білімі мен біліктілігіне байланысты. «Ақтөбе санаторлы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы сол мықтылардың қатарында. Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясында бұған тағы да көз жеткіздік.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевовтің қатысуымен өткен онлайн іс-шараға “Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова, мектеп-интернат бастауыш ұйымының төрағасы Ақмарал Әжібаева және мектеп ұжымы онлайн қосылды.
Басқосуда Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев атаулы акция аясында еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан мұндай кездесулер еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Өз кезегінде ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы әр кәсіподақ мүшесіне өзін толғандырып жүрген мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Онлайн кездесу барысында бастауыш ұйым тынысы туралы бейнеролик көрсетілді. 65 жыл тарихы бар Құрайлы селолық округі аумағында орналасқан санаторлы мектеп-интернатта қазіргі уақытта 83 бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі бар. Онда қазірде 100-ге жуық бала білім алуда.
Жиында алдымен мектеп-интернаттың директоры Гүлбарам Қалиева әлеуметтік әріптестік аясында атқарылып жатқан оң бастамалар туралы баяндап, бастауыш кәсіподақ ұйымы жайлы ақпарат берді.
Кездесу барысында Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақмарал Әжібаева облыстық кәсіподақ тарапынан бастауыш ұйым мүшелеріне жасалатын қолдау туралы айтып, қызметкердің еңбек құқығының сақталуы мен еңбек қауіпсіздігіне байланысты заңгерлермен қоғамдық бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілетіні туралы тілге тиек етті.
Онлайн кездесуде “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан бастамалар туралы жіті баяндады.
Айта кетейік, облыста білім беру саласы қызметкерлерінің 606 бастауыш ұйымы бар. Жалпы 30 мыңнан астам мүшесі бар аталған ұйымның мүшелеріне еңбек құқығының сақталуы мен әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту бойынша барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Сондай-ақ, осы жылы облыстық ұйым есебінен 1700-ге жуық кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру орындарына тегін демалуға мүмкіндік алды.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов көтерілген мәселелердің шешілу жолында жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сөз соңында Н.Өтешов кәсіподақ басшыларына жұмыскерлердің мәртебесін көтеруде күш-жігерін салып, абыройлы қызмет еткен және әлеуметтік әріптестікті нығайту жолында атқарған қызметтері үшін алғысын білдірді.
Бүгінгі онлайн кездесу соңында мектеп мұғалімдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
-
Фото
-