ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің ардагер ұстазы, музыка, технология пәндерінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшысы Ізімбердиев Қоныс Көшкімбайұлының 60 жас мерейтойына арналған «Жолы даңғыл, мерейлі, асқақ әні, 60 жасқа толды ұстаз асқаралы» атты салтанатты кеші өтті.
Бойына тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де елінің елеулі азаматы болып, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты ағамыз Ізімбердиев Қоныс Көшкімбайұлына көрсетілген құрметте шек болмады.
Кешке «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Бердіхан Әлмен жүргізді. Кешке Түпқараған ауданы білім бөлімі басшысы Утесбаева Айбаршын Қуанышқалиқызы, облыстық және Түпқараған ауданы кәсіподағы басшылары, туған-туыстары, курстастары, Қызан орта мектебінің ұстаздары және өнердегі шәкірттері шақырылды.
«Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлдегері Оспан Құлсымақ «Ақ тілек арнау» термесімен сахнаны ашып берді.
Кеш барысында қонақтарға сөз берілді. Қызметтегі еңбегі үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың, Маңғыстау облысының білім басқармасының, Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаттары» мен облыстық және Түпқараған ауданы кәсіподағы атынан шипажайға жолдама табысталды.
Шәкірттері Мұңалбаев Данияр, Селбаева Тыныштық, Сәулебай Марат ән шырқап, сахнаның сәнін келтірсе, ақын шәкірті Түйешиева Шынар арнау өлеңін оқыды.
Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие Ізімбердиев Қоныс Көшкімбайұлының қызметтегі абырой, беделінің асқақтай беруіне тілеулестік білдіреміз.
Н.Бекхожина,
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.