ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ
Ұстаз еңбегі – ұзақ жылдар көрсеткіші. Егер әр адамның жүрегінде мейірімділік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Осынау ізгі тәрбиені жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама еңбек етті десеңізші?!
Жеке тұлғаны тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?! Әрине, бұндай мамандыққа өз кәсібін сүйген мамандар барады. Олар өз шәкірттерімен ғана мақтанады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер Жаңаөзен қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сүтбаев Әбубәкір Атаназарұлы. Ол шеберлігі шыңдалған кәсіби ұстаз. Отыз жылдық ұстаздық қызметінде өзін жан-жақты көрсете білген ұстаз тәжірибесі үнемі жас мамандарға үлгі. Жаңалыққа құмар ұстазымыз жас мамандарды жаңалыққа жетелеп, мұғалім шеберлігінің артуына үнемі мұрындық боп жүреді. Тәжірибелі ұстаз ретінде мектебіміздің білім саласына сіңірген еңбегі орасан зор.
Оқушының қандай да бір жеткен жетістігі болса, ол ең әуелі ұстазымен бірлесіп жасаған жұмысының арқасы. Ұстаздық жолында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әр баланың биіктен көрінуіне ерекше ден қойған. Жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болатын қалалық, облыстық олимпиадаларға шәкірттер дайындауда еш аянып қалған емес. Оқушысының білім көкжиегінен көрінуі жолында бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз ғой.
Сонымен бірге ағайымыз мектебіміздің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Мектебіміздің кәсіподақ мүшесі. Кәсіподақ мүшесі ретінде мектебіміздің жас мамандары мен ата-аналарымен үнемі тығыз байланыста. Соның айғағы ретінде жас мамандар сабақтарына қатысып, әрдайым өзінің тәжірибесінен ақыл-кеңесін айтып отырады. Мектеп қабырғасында өтетін әртүрлі іс-шараларда да өз белсенділігін көрсетеді.
Әбубәкір Атаназарұлының білімділігі мен еңбекқорлығы жас ұстаздарға үнемі үлгі.
С.Аязбаев,
Жаңаөзен қаласы №17 мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Маңғыстау облысы.