ЕЛЕУЛІ МЕКТЕПТІҢ МЕРЕЙТОЙЫ
Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының Хлебодаровка жалпы орта білім беретін мектебінің іргесі қаланғанына – 50 жыл толып отыр. Оқу ордасында мерейтойға орай салтанатты шаралар өтіп, аудан басшылары, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері, сан мыңдаған шәкіртті білімге баулыған педагогтер қара шаңырақта бас қосты. Мектеп ауласына киіз үйлер тігіліп, мектеп төңірегі, алдындағы алаңқай әсем безендірілді.
Айта кетейік, үлгілі білім шаңырағының бүгіні де игі істерге толы, болашағы да жақсы үміт ұялатады. Мектеп оқушылары жақсы білімімен республикалық деңгейде алдыңғы орыннан көрініп отыр. Елу жыл ішінде мектептен мыңдаған адамдар өмірге жолдама алды. Олар облыста, республикамыздың әр аумағында, тіпті шетелдерде абыройлы қызмет етуде.
Салтанатты басқосуда өнерлі өрендер концерт қойып, балалардың шығармашылығын дамытуға үлес қосқан ұстаздар марапатталды.
Мұнан соң көпшілік мектеп оқушылары дайындаған қол өнер көрмесі мен дарынды оқушылардың қолынан шыққан түрлі ғылыми жұмыстарды тамашалады, «Мектеп тарихы - ел тарихы» кітабының тұсауы кесілді.
Салтанатты шарада Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхамбетдин Ордабаев ұстаздар мен жас өнерпаздарды мерейтоймен құттықтады. Аудандық кәсіподақ ұйымының атынан білім ордасына 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді. Мерекелік жиында екі кәсіподақ мүшесіне шипажай жолдамасы тапсырылып, аудан ұстаздары алғыс пен құрметке бөленді. Сондай-ақ, “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кəсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің атынан білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін екі кәсіподақ мүшесіне шипажай жолдамасы мен бес кәсіподақ мүшесіне бірлестік төрағасының Алғыс хаттары табысталды.
Мектеп меретойында ұзақ жылдардан кейін қауышқан байырғы ұстаздар бір-бірімен сағынысып жүздесіп, осы кештің өтуіне ұйытқы болған әріптестері мен шәкірттеріне алғыстарын білдірді. Одан соң жиналғандар Мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.
-
Фото
-