АТҚАРУ КОМИТЕТІ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының 2023 жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, жаңа жылға межеленген жоба жоспарлар талқыланды. Онлайн форматта өткен Атқару комитетінің отырысына кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова, аппарат мүшелері мен кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Алдымен ұйымдастыру жөніндегі маман Айжарық Серімбетов аумақтық кәсіподақ мүшелерінің 2023 жылдың жазғы мерзіміндегі демалысын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі жұмыс қорытындысы туралы баяндады.
Айта кетейік, ұстаздар қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, жұмыс орындарындағы еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары да үнемі іске асырылып отырады. Бұл ретте еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Ағымдағы жылы да мемлекеттік және кәсіби мерекелерде кәсіподақ мүшелері сый-құрметке кенеліп, марапаттарға ие болды. Сала үздіктеріне кәсіподақ есебінен қаржылай қолдау көрсетіліп, еліміздегі таңдаулы шипажалайда демалуға жолдама тарту етілді. 2023 жылы 1700-ге жуық кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру орталықтарында тынығып келді. Бұл облыстық білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған шарасы.
Кәсіподақ қызметінің негізгі мақсаты - кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік–экономикалық еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Осы бағытты ұстанған аудандық кәсіподақ ұйымдары жыл бойы білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғап, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстап отырады. Соған орай кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай әлеуметтік әріптестік туралы 2024-2026 жылдарға арналған Салалық келісім жобаларын, әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияға кәсіподақ өкілдерінің құрамын бекіту жайында баяндады. Жиынға қатысушылар осы мәселеге қатысты кәсіподақ ұйымының заңгерлерінің баяндамасына ден қойды.
Күн тәртібінде Мұғалжар және Хромтау аудандық кәсіподақ ұйымдарында облыстық Атқару комитетінің қаулыларын, өздерінің шешімдерін орындау жөніндегі жұмыс жағдайы туралы; Алға және Байғанин аудандық кәсіподақ ұйымдарында құқықтық қызметті жетілдіру, кәсіподақ мүшелеріне тегін заңгерлік көмек көрсету барысы; Темір аудандық кәсіподақ ұйымының еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманы қадағалауға қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы; Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымында сала қызметкерлері үшін қосымша еңбек, әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді қалыптастыру мәселелерінде әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы айтылды.
Кәсіподақ ұйымдары әрдайым кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға тиісті көмек көрсетуге дайын. Әлеуметтік әріптестік салалық келісімдер, ұжымдық шарттарды басшылыққа ала отырып, білім бөлімдері мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен іс-әрекеттері білім саласында жұмыс жасайтын қызметкерлердің мәртебесін арттыруға, олардың қалыпты еңбек жағдайын жасауға бағытталған. Келісім аясында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, бүгінгі таңда аса маңызды болып табылатын педагогтардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстар әлі де жалғасады, -дейді кәсіподақ төрағалары.
Отырыста кәсіподақ көшбасшыларына әлеуметтік желідегі жұмыс парақшаларын белсенді жүргізу туралы ұсыныс берілді. Кәсіподақ жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамдық ұйымының оң имиджін қалыптастыруға назар аудару қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында жыл жетістіктері мен кемшіліктер сараланып, 2024 жылдың жұмыс жоспары бекітілді.
Жоспарланған сұрақтардың барлығы қаралып, тиісті қаулы қабылданған соң облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова одақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды бәсеңдетуге жол берілмейтінін айтып, әрдайым өзекті саналатын еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуына бақылау жүргізу сұрақтарын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар бірлестік төрағасы аудандық кәсіподақ төрағаларына сын-ескертпелер айтып, бірқатар міндеттерді жүктеді.
-
Фото
-