БЕС ЖЫЛДЫҚ ЕСЕПКЕ - ОҢ БАҒА
Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында өткен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің XXX конференциясы қала мен аудандардан сайланған делегаттар мен шақырылған қонақтардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнін шырқаумен басталды.
Конференция ұйымдастыру мәселелерін қарап, жиынның хатшылығын, мандат, есептеу және редакциялық комиссияларының құрамын бекітті.
Есеп беру-сайлау конференциясына қатысқан «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құқықтық жұмыстар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттіліктер тіледі. Бір топ ардагер ұстазға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Олардың қатарында білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Қызылқоға ауданы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің тарих және құқық пәні мұғалімі Рабай Қожамжар, Исатай ауданы, Ғ.Масалимов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет еткен Нуралы Сиғуатов, Махамбет ауданы Қосарал орта мектебінің физика пәні мұғалімі Гүлнар Жайлашева, Индер ауданы Абақанов атындағы орта мектептің орыс тілінен дәріс берген білім саласының ардагері Маржан Кенжебаева, облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары қызметінде болған Гүлнар Сүйіншәлиева, Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының директоры Долларес Таскарина және басқалар бар.
Делегаттар «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Қ.Сүндетұлы бірлестіктің бес жылдық қызметі туралы есебін тыңдады.
Бүгінде аталған қоғамдық бірлестік – 9 филиалы, 418 бастауыш ұйымындағы 30 000 мүшесі бар аймақтағы ірі қоғамдық ұйым болып табылады. Есепті кезеңде 2 мерзімге Келісім мен қала, аудандарда Ұжымдық шарттар қабылданған.
Құқықтық қызметтің пәрменді іс-әрекеті нәтижесінде кәсіподақ мүшелеріне 37 миллион 53 мың теңге кері қайтарылды. Мұғалімдерге отын және коммуналдық шығындар үшін жыл сайын төленіп келген 5000 теңгелік төлемді өсіру бойынша барлық аудандарда бес айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) кем емес көлемде өсіру туралы жергілікті бюджетте қаржы қарастырылып, 18-24 мың теңге аралығында төлем төлене басталды. Сөйтіп, 20 жыл өзгермеген бұл мәселе ұстаздар қауымы үшін оң шешімін тапты.
Аймақтағы білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелерінен түскен өтініштерге орай 3317 қызметкер шипажайларда демалды. Салалық кәсіподақ бірлестігінің ұйымдастыруымен КСРО Халық мұғалімі, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Құсиын Айтқалиевқа арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 2019 жылдан бері еңбек етіп жүрген мектеп, балабақша және колледж қызметкерлері арасында «Егемен еліміздің еңселі ұстаздары» атты көркемөнерпаздардың облыстық фестивалі, спорттық сайыстар тұрақты өткізіп келеді.
Жарыссөзде Құрманғазы аудандық комитеті филиалының төрағасы Әуез Изжанов, Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмқашева, ардагер ұстаз, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымұлы, еңбек ардагері Жәукен Көшенов Махамбет ауданы Алға орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Таңатар Құлахметұлы, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры Бақберген Қарабаев және басқалар сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтып, бірлестік төрағасының бес жылдық жұмысының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Делегатттардың дауыс беру нәтижесінде 25 адамнан комитет мүшелерінің жаңа құрамы сайланды. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып Қылышбай Сүндетұлы қайтадан сайланды. Конференцияда «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің XV съезіне делегаттар сайланды.
Конференция делегаттарына бірлестіктің бес жылдық жұмысын қорытындылайтын шағын көрме ұсынылды. Кәсіподақ төрағасының авторлығымен дайындалған «Кәсіподақ жолымен» және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының жылнамасы» атты екі кітаптың тұсауы кесілді.
-
Фото
-