БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ І ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің мәжіліс залында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің І Пленумы өтті. Комитеттің 5796 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 78 бастауыш ұйымнан алқалы органға мүше болып сайланған 49 сала қызметкерінен бөлек Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова, білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев қатысқан жиында негізгі мәселе болып «Кәсіподақтың қоғамдағы рөлін күшейту мен Әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2021-2023 жылдарға жасалған Ұжымдық шарттың орындалу жағдайы туралы» сұрағы талқыланып, қаралды.
Күн тәртібіне сай әлеуметтік әріптестер – аудандық комитет төрағасы Елнұрбек Ермеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
«2021 жылы педагогтарды конкурс арқылы жұмысқа қабылдау бойынша, 2022 жылы мемлекеттік жалпы стандарт қабылданып және типтік оқу жоспарлары өзгеріп, 2023 жылдың шілде айында мемлекеттік білім беру ұйымдарының үлгілік штаттарын бекіту туралы жаңа нормативтік құжат қабылданып, көптеген түйткілді мәселе туындады. Біз білім бөлімімен бірнеше келіссөздер, хат алмасулар, кездесулердің негізінде Ұжымдық шартты басшылыққа ала отырып аталған мәселелерді шешудің пәрменді жолдарын таптық. Ауданда білім беру мекемелерінің қызметін ұйымдастыру, сала өкілдерінің еңбек қатынастарында туындаған мәселелерін құқықтық реттеу бойынша бірлескен көп күш жұмсап, нақты шараларды жүзеге асыра білдік» деді Елнұрбек Сайланбекұлы әлеуметтік әріптестіктің артықшылықтарын айта отырып.
Сонымен бірге 2023 жылы аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 107 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 70 адам болғанын, кәсіподақ мүшелері үшін барлығы 4 оқу ұйымдастырылып, сауықтыру шараларымен 855 сала қызметкері-кәсіподақ мүшесі мен олардың отбасы өкілдері қамтылғанын атап өтті.
Ал ауданның бас ұстазы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында кәсіподақ ұйымының маңыздылығы ерекше екеніне тоқталды.
- Тараптар арасында конструктивті бірлесіп жұмыс атқару тәжірибесі қалыптасқан. Қоғамдық ұйым мүшелері білім беру ұйымының тарификациялық, педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау, бос тұрған лауазымды орындарға конкурс өткізу, еңбек қорғау жөніндегі, әлеуметтік сақтандыру және өзге де комиссиялардың мүшелегіне енгізіліп, комисия отырыстарына тұрақты қатысады. 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шарт пен алдағы қабылданатын құжатты да басшылыққа алып, білім саласы қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстарын аудандық кәсіподақ комитетімен бірлесе атқаратынымызға сенім білдіремін, - деді Нұрболат Серікұлы.
Жарыссөзге шыққан кәсіподақтың аймақтық құқықтық инспекторы Ләззат Айтқұлова ұжымдық шарт талаптарының орындалуын қадағалау, оны басшылыққа алып қызмет атқару қажеттігіне тоқталды. Инспектор өткен жылы еңбек заңдылығының сақталуына 84 қоғамдық бақылау жасап, 270 еңбек заңдылығын бұзушылық анықтаған. Жалпы 1021 құқықтық кеңес берсе, кәсіподақ мүшелерінен 155 өтініш түскен.
Келесі болып сөз алған Өнер мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерболат Тауасаров барлық білім беру мекемелерінде құқықтық үйірме жұмыстарын жандандырып, жаңа технологияларға негізделген құқықтық оқу семинарларын өткізуді ұсынды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе - Кәсіподақтың 2024 жылға кіріс шығыс сметасын бекіту туралы болды. Ұйымның есепші-маманы Зағипа Абдиева смета жобасымен таныстырып, құжат бекітілген соң аудандық ұйымның алқалы басқару органдары құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, әртүрлі себептермен шығып қалған комитет мүшелерінің орнына бастауыш кәсіподақ ұйымының хаттамалық қаулысы негізінде өзге азаматтар қабылданды. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылында ашылып, жұмыс істеп тұрған «Ерік ата» бөбекжай бақшасы аудандық кәсіподақ ұйымына көпшілік дауыспен мүшелікке қабылданып, аудандық комитеттің мүшелік базасы нығая түсті.
Пленум соңы марапаттауларға ұласып, еңбек адамының серігі болған салалық «Еңбекші» газетіне жазылуда белсенділік танытқан бастауыш ұйымдар мен мерейлі жасқа толған бастауыш төрағаларына құрмет көрсетілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-