БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Атқарылған жұмысты саралап, алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті филиалы Пленум өткізді. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен іс-шарада комитет төрағасы Жанболат Орынбеков қорытынды баяндама жасап, 43 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 4000 жуық сала өкілінің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталды.
Өткен жылы барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары үшін есеп беру-сайлау кезеңі өтіп, жұмыс жаңа құраммен жаңа бағытта басталған. Басты бағыттар - құқықтық қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамыту. Барлық мекемелерде әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттың орындалуы бойынша есеп беру жиындары өткен. Есепті мерзім ішінде кәсіподақ мүшелерінен түскен жазбаша – 29, ауызша мыңнан аса өтініш пен сұраққа заң аясында құқықтық кеңес берілген. Ұстаз беделін көтеріп, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік аясында қорғаудың үздік тәжірибесін насихаттау мақсатында, сонымен қатар, ҚР кәсіподақтар және Мұғалім күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, филиал атынан барлық бастауыш ұйымға теледидар сыйға тартылған.
Құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова құқықтық мәселелер бойынша атқарған жұмысы туралы есеп берді. Заңгер еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 4 тексеріс жүргізіп, еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 15 жағдайын анықтаған. Көрсетілген құқықтық қызметтер саны - 1165.
Пленумда сөз алған «Өркен» мектеп-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Азат Шайымкулов жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты реттеп, орын алған олқылықты ушықтырмай шешуді өзіне негізгі міндет еткен кәсіподақтың еңбек адамдарының құқығын қорғауда атқарып жатқан қызметі зор екендігін айтып, еңбек қатынастары бойынша кез-келген сұраққа дұрыс жауап беріп, қолдау көрсетіп отыратын кәсіподақтың құқықтық қызметіне үлкен алғыс білдірді.
«Оңалту орталығы» мекемесі директорының орынбасары Нұргүл Есіркепова ұжымдық шарттың арқасында әрбір қызметкердің қосымша жұмыс уақытына, ауыр немесе зиянды жұмыстарына ақы төлеу, еңбек демалысын ұзарту, заңнамаға сәйкес шығармашылықпен айналысып жүрген еңбеккерлерді нәтижелі еңбектері үшін ынталандыру мақсатында азаматтық қызметте жоғарылату, алғыс жариялау, ақшалай сыйлық беру қарастырылғаны қуантатынын айтып, аталған игі шаралар педагог мәртебесінің беделін арттыруға оң ықпалын беруде екендігін жеткізді.
Ал «Дарын» лицей-интернатының БКҰ төрайымы, комитеттің Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Айжан Аманбаева есепті мерзім ішінде комитеттің қаржы-шаруашылық қызметі, кәсіподақ сметасының орындалуы 2 рет тексеріліп, бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілуі мен шынайы есептілігі бақылауда болғандығын, комиссия мүшелік жарналардың толыққанды әрі мезгілінде жиналуы, жоғары тұрған кәсіподақ органдарына аударылуы, кәсіподақ қаржысын мақсатты әрі ұтымды жұмсау қызметі сараланғанын айтты. Мұнан соң 2024 жылға арналған Филиалдың қаржы шығын сметасының жобасымен филиалдың есепші-маманы Ақжүніс Құрмашева таныстырып, Пленум мүшелерінің дауыс беруімен қабылданды.
Жиын соңында түрлі себептерге байланысты Пленум мүшелігінен бірқатар азаматтар шығарылып, олардың орнына жаңа мүшелер сайланды. Сондай-ақ, бірқатар кәсіподақ мүшелерінің омырауына «Кәсіподақ ардагері» және «Еңбек ардагері» төсбелгісі тағылса, бірқатар әлеуметтік әріптестерге салалық мерзімді басылымдарға бір жылдық жазылым сертификаты табыс етілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-