АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ
ZOOM форматында Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымының жиыны өтті. Үш күнге созылған жиынға аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағалары, әлеуметтік әріптестер мен 500-ге жуық кәсіподақ белсендісі қатысты. Басқосуда облыстық ұйымның 2023 жылы атқарылған жұмыстарының есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізгі ережелері түсіндірілді.
Әлеуметтік әріптестік – сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың кепілі. Салалық және облыстық келісімдерден басқа, облыстық кәсіподақ жүйесінде барылығы 610 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар қолданылады.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының есепті мерзім ішіндегі кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына жіті тоқталды. Сонымен қатар ұйым төрағасы кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы, әлеуметтік әріптестік, құқықтық жұмыс, жастармен жұмыс, ақпараттық жұмыс және ұйымдастыру жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Кәсіподақ ұйымы әрбір еңбеккердің құқықтары мен еңбектегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әдістемелік көмектер көрсетіп, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ережеге және кәсіподақ жарғысына сәйкес жұмыс жасауларына ықпал етеді.
Жиында облыстық кәсіподақ заңгерлері еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Облыстық кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, есепті кезеңде 3210 құқықтық кеңестер берілді. Одан бөлек кәсіподақ мүшелеріне құқықтық сипаттағы түрлі мәселелер бойынша кеңес беру; кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға тікелей жүгіну; еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу; кәсіподақ активімен, басшылармен, қызметкерлермен құқықтық тақырып бойынша оқыту семинарларын өткізу құқықтық көмек көрсету бағыттарында жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, осы мақсатта республикалық, облыстық семинарларға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мамандары оқуға жіберілді.
Айта кетейік, облыстық ұйымның құқықтық жұмысының маңызды бағыты қоғамдық бақылау болып табылады. Есептік кезеңде 246 білім беру ұйымдарында қоғамдық бақылау жүргізілді.
Басқосуда облыстық кәсіподақ ұйымы тексеру комиссиясының төрағасы қаржылық есебі туралы баяндады.
Кездесуде облыстық ұйым төрағасы салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде де толғырақ тарқатты.
Жиын соңында ұйым төрағасы актив отырысына қатысқан кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне бірқатар міндеттерді жүктеп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
-
Фото
-