КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРДІ
2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған мақсат-міндеттер туралы Ақтөбенің Алға, Байғанин, Темір, Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағалары есеп берді.
Шараға аудандық білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары, мектепке дейінгі мекемелердің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, алдымен кәсіподақ көшбасшылары өткен жылы жасалған жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, жиында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделі, олардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында орындалатын міндеттер сөз болды.
Қазіргі уақытта аталған аудандық кәсіподақ ұйымдары 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып, белгіленген жоспарға сай жұмыс атқаруда. Бұл маңызды құжатта педагогтардың мүддесін қорғау, жалақының уақытылы төленуі, жүктемелердің бөлінуі, аттестация, санатқа өту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, қызметкерлерді сауықтыру, жас мамандарға жағдай жасау, қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер, медициналық тексеруден өткізу, еңбек демалысына шығу мәселелері қарастырылған. Әлеуметтік әріптестік туралы келісім тек қағаз жүзінде қалып қойған жоқ. Нәтижесінде білім саласында еңбек ететін кіші қызметкерлер тегін медициналық тексеруден өтіп, мектеп директорлары мен орынбасарларына қоса атқарумен жүзеге асырылатын оқу сағаттары үшін емдеу-сауықтыру ақысы төленді.
Білім мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестік келісімнің, ұжымдық шарттардың орындалуы, ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, еңбек қауіпсіздігі, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру және қолдау бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтылды.
Аудан педагогтары білім кәсіподағына ерекше сенім артады. Былтыр мұғалімдер әртүрлі сұрақтармен кәсіподақ көмегіне жүгінген. Әрбір білім беру мекемесінде келісім комиссиясы құрылған. Жеке еңбек дауларының түйіні көбіне сол жерде-ақ шешіліп жатады.
Кәсіподақ қызметінің негізгі мақсаты - кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Осы бағытты ұстанған аудандық кәсіподақ ұйымдары жыл бойы білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғап, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстап отырады. Еңбек заңдылықтарының сақталуына қоғамдық бақылау орнатып, оларға моральдық-материалдық қолдаулар көрсетті. Есепті жыл ішінде еңбек дауларын шешу және педагогтердің кәсіптік шеберлігін шыңдау жолында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымының қолдауымен атаулы мерекелерде білікті, тәжірибелі мамандар республикалық, облыстық, аудандық марапаттарға ұсынылып, қаржылай қолдауға ие болды. Жыл қорытындысы бойына аталған аудандар бойынша 1500-ға жуық білім қызметкері кәсіподақ сыйыақысымен марапатталса, 1000-ға жуық кәсіподақ мүшесіне шипажайға жолдамалар берілді.
- Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, педагогтардың еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмыстар әлі де жалғасады, - дейді, кәсіподақ көшбасшылары.
-
Фото
-