«АУҒАННЫҢ АСУЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР…»
Ағымдағы жылдың 14 ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай білім саласында қызмет жасайтын Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, кездесу шарасын ұйымдастырды.
Шараға, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз Олег Пимонов, Николай Бойков, Мұхтар Есболатов, Юрий Мамин, Бауыржан Сүлейменов, Мырзакелді Тілеулиев, Ерболат Жұманғалиев, Александр Адайгужиев, Игорь Горностаев, Серікбай Айтқалиев, Амангелді Зейінов, Нұғман Мырзағалиев, Садық Тілегенов, Бекежан Темірболатов, Есенжан Сисенов, Талғат Молдағалиев, Сарман Қарабалин, Қуанғали Сейіткалиев, Жарқын Борашов, Темірбек Ғұбашев, Мұрат Айдарханов, Жанболат Матышев, Қази Төлегенов сынды ардагерлер және арнайы шақыртумен Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Фарида Сулейменова, Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығының төраймы Айгүл Есекенова, М.Өтемісов атындағы БҚУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі- проректор Мерген Сүлейменов, Ақжайық ауданы білім саласының ардегері Даулетжан Джаксыбаев, Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің алғашқы әскери дайындық мамандығының студенттері қатысты.
Жиынның шымылдығы Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылып, алғы сөз сөйлеген облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев ауған соғысынан аман – есен елге оралып, білім саласында қызмет етіп жүрген, зейнеткерлікке шыққан және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүрген ардагерлерге алғыс білдіріп, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесу барысында Айгүл Есекенова, Ақжарқын Темірханова, ардагер Дәулетжан Абдрахманұлына сөз беріліп, жас ұрпақтың бойына Отан сүйгіштік пен жолдасқа деген адалдықты үлгі етіп, білім саласында еңбек етіп жүрген ауған ардагерлері Олег Пимонов және «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Мұхтар Жоламанов естеліктерімен бөлісіп, сарбаздардың қаһарман ерлігі мен қайсарлығы туралы айтты. Бұл шараның жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналып отырғанына ризашылықтарын білдіріп, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.
Шараның қорытындысында төраға Марат Даупаев білім саласының ардагерлеріне облыстық кәсіподақ ұйымының атынан сыйақы мен естелік сыйлықтар табыстады.
Еліміздің ертеңі, болашағы – жас буынға Ауған ардагерлерінің ерліктерін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, біздің парызымыз!
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-