АҚТАУДА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
6 наурыз күні Ақтау қаласында «NCOC» компаниясының демеушілігімен бой көтерген заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті.
Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық, жаратылыстану-ғылыми, гуманитарлық, IT-технологиялық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық және әскери-спорттық бағыттары бойынша 5 мыңнан астам балаға тегін қосымша білім беретін болады. Сарайда хор, оркестр және музыкалық аспаптарда жеке сабақтар, хореографиялық студия, ұшақтарды, автокөліктерді және су кемесін модельдеу бөлмелері жабдықталған, компьютерлік сынып, әмбебап тренажор залы, жаттығулар мен спорттық жүзуге арналған бассейндер, аэробика залдары қарастырылған.
Сондай-ақ, ғимаратта дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби драмалық студия, кітапхана, коворкинг және ІТ-техологиялар зертханасы бар.
Оқушылар сарайының «В» блогындағы үйірмелер оқушының жан қалауы мен қызығушылығына қарай барлық мүмкіндіктер қарастырылып, заманауи спорттық бағытта жабдықталған. Мұнда спорт залы, әмбебап тренажор залы, жаттығулар мен спорттық жүзуге арналған бассейндер, аэробика, йога залдары, қарастырылған.
Оқушылар сарайының спорттық блогы әсіресе жүзуге арналған жабық бассейндерімен ерекшеленеді. Үлкен 25×11 м өлшеміндегі бассейннің тереңдігі 1,2-1,8 метр және бір мезгілдегі сыйымдылығы 32 адам. Кіші 10×6 м өлшеміндегі бассейннің тереңдігі 0,8-1,05 метр және бір мезгілдегі сыйымдылығы 12 адамды қамтиды.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ.Құлжанов, білім беру саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «NCOC» компаниясының өкілдері және қала тұрғындары мен оқушылар қатысты.
Шара барысында «NCOC» компаниясының басқарушы директоры Рую Джанкарло жаңа ғимараттың символикалық кілтін оқушылар сарайының директорының міндетін атқарушы Ж.Жұмашеваға табыс етті.
Ғимараттың лентасын қию рәсімі Рую Джанкарло мен ата-ана Жылқаманова Несібеліге ұсынылды.
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.А.Баймбетова да қатысты. Ұжым түгелдей дерлік облыстық кәсіподақтың қатарына енді, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Қуантарлық жаңалық.
Қонақтар ғимаратпен танысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ
-
Фото
-