КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ: БІЛІМ МЕН БІЛІК
”Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен Қазақстан Республиксы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалында Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Жобалық кеңсенің бастамасымен, облыстық білім басқармасының қолдауымен «Жобалық менеджмент – мектепте!» пилоттық жобасы бастау алған болатын.
Басты мақсат - жобалық басқару технологияларын меңгеру арқылы жалпы білім беру мекемелері қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыру, оқушылардың бойында жобалық басқару дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету.
Жоба аясында серіктестік орнап, кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігін арттыру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының ұйымдастыруымен кәсіподақ көшбасшыларына арналған семинар-тренинг өтті. Семинарға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Семинар барысында тыңдаушылар кәсіподақтардағы көшбасшылықты дамытуда заманауи талаптарға бейімделу барысын, шиеленіс жағдайындағы коммуникация дағдыларын дамытты.
Семинарда қатысушыларды аталмыш филиалдың білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерлету кабинетінің меңгерушісі Жәнипа Құрманова кәсіподақтардағы көшбасшылықты дамыту қағидаларымен таныстырды. Өз кезегінде филиал доценті, педагогика және психология бойынша философия докторы Құндыз Қуанжанова шиеленіс жағдайындағы коммуникация төңірегінде ой бөлісті.
Семинар-тренинг жұмысын қорытындылаған филиал директоры Саида Сәдуақасова облыстық кәсіподақ көшбасшысына ортақ мүдде тұрғысындағы ынтымақтастықты қолдағаны үшін алғысын айтып, барлық қатысушыларға тілегін жеткізді.
Семинардың соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды. Біліктіліктерін арттырған кәсіподақ көшбасшылары тәжірибелерін табысты жалғастыратын болады.
-
Фото
-