ЕҢБЕК АДАМЫ
Боданова Майра Тіржанқызы – білікті маман, өз саласының білгірі. Ол отыз төрт жылдан бері білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Күрмеуі көп саланы жетік меңгеріп, кейінгі ұрпақ бойына білім нәрін сеуіп жүрген маман. Аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ене, қарайым жан кейде өз балаларынан халықтың баласына көбірек көңіл бөлетінін айтады.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданынан шалғайда жатқан Алабас ауылындағы Алабас негізгі орта мектебінде математика-физика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ұстаз – Боданова Майра Тіржанқызы. Жаны жайсаң жан Майра Боданова Шалқар ауданының Шахты селосында 1965 жылы дүниеге келген. 1989 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын аяқтап, алғаш еңбек жолын жолдамамен Бершүгір орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1991-1992 оқу жылынан бастап Алабас орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Кейін аталған мектепте 1996-2002 жылдар аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Қарапайым мінезімен ел-жұртқа сыйлы болып, адалдығымен тура жолдан таймаған ұстаз-ана өмірде үлкен жетістіктерге жеткен. Ең үлкен байлығы – береке мен бақыт ұялаған биік шаңырағы. Шаңырақтың құты болған, қызғалдақтары мен ұрпағын жалғастырар ұлы және олардан тараған немере, жиендер, көсегесі көгеріп, керегесі кеңіген жанұясы – бақыттың үлкені. Майра апай бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына тоймай жүрген бақытты ата мен әже.
Ұлағатты ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі де елеусіз қалмаған. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі – «ұстаздан озған» шәкірттері деуге негіз бар. Сабақ үрдісін жаңартылған технологияларға сай өткізіп, тақырыпты оқушы санасына түгел игерте білетін маманның тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде үлкен қызметте. Олар жоғары білім мекемелерінде, шаруашылықтарда, басқа да түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Ұстазы үмітті ақтаған шәкірттерімен мақтанса, шәкірттері де білім алған ыстық ұясын, тәлім берген аяулы ұстаздарын еш уақытта естен шығарған емес. Майра Тіржанқызының алғашқы түлектері жыл сайын ұстаз мерекесін ұмытпай, гүл шоқтарымен құттықтауды үрдіске айналдырған. Осыдан-ақ ерен еңбегінің еш кетпегенін, ұстаздық деген ұлы жолда еңбек адамы екенін аңғаруға болады.
Шынымен өз ісін, кәсібін сүймейтін, қаламайтын жанның тірлігі тындырымды болмайтыны да, өрге жүзбейтіні де рас. Ал мақаламызға арқау еткен Майра апай – шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан, биік белесті бағындыруына септігін тигізген аяулы жан. Ендеше біз де өз кезегімізде Майра апайға ғұмырыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын демекпіз. Елін сүйген, елі сүйген азаматтар мен азаматшалар көп болғай!
-
Фото
-