«ҰСТАЗ БАРЫСЫ»
17-18 наурыз күндері «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен Атырау облысы Білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы қазақ күресінен алғаш рет әз-Наурызға арналған Қызылқоға ауданының орталығы «Миялы» балалар жасөспірімдер спорт мектебінде «Ұстаз барысы» турнирін ұйымдастырды.
Бұл күндері спорттық кешенге жиналған көрермендердің саны қалың болды. Олардың сапында Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Толқын Бейсқали бастаған депутаттар корпусы, білім беру мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, ардагер спортшылар, аудан жастары мен мектеп оқушылары бар еді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде спортшыларға сәттілік тілеп құттықтау сөз сөйлеген Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев жас ұрпаққа білім беруде және спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Атырау облысы Ардагерлер кеңесінің «Тәлімгер» медалін ардагер ұстаз Рахмет Галиахметовке, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлфайраз Анжановаға «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, гирь көтеруден 2 дүркін әлем чемпионы, Қаракөл орта мектебінің алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәні мұғалімі Ришат Галиахметов пен бапкер-ұстаз Бауыржан Досқалиевке еліміздің емдеу-сауықтыру шипажайларына тегін жолдама табыс етті. Атырау облысы Білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының директорының орынбасары Сания Махамбетова ардагер ұстаздар Шойын Ізімқұл мен Оңаш Құмаровқа «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін омырауларына тақты.
Облыстық салалық кәсіподақтың демеушілігімен өткен жарысқа аудан және қала мектептерінен 23 ұстаз-палуан қатысып, олар 80 кг дейін және 80 кг жоғары салмақ дәрежелерін сарапқа салды. Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұстаздардың шеберлігін шыңдау, жалпы ұстаздар арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту еді.
Мұғалімдер боз кілемде белдесіп, күші басым түскендер жүлделі орындарды олжалады. Турнирдің қорытындысымен өз салмақтары бойынша Қызылқоға ауданы намысын қорғаған мұғалім Сағат Ғазимов пен Атырау облысы намысын қорғаған мұғалім Руслан Ізғалиев «Ұстаз барысы» атағын жеңіп алып, чемпиондық белбеуді тақты.
«Ұстаз барысы» сайысына қатысқан барша палуандар мен жүлдегерлерге кубок, медаль және дипломдар, бағалы ескерткіш сыйлықтар табысталды. Облыста алғаш рет ұстаздар арасында өткен спорттық жарыстың жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор игілікті шара болып көпшіліктің көңілінде қалды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-