ЖАС МАМАНДАРҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту дәстүрі жылдан-жылға қанатын жайып келеді. 22 наурызда республика көлемі, аудан мен ауыл-аймақтардан басталатын мейрам сәуір айының ортасына дейін тойланып жүр. Бұл да бірлігі жарасқан бейбіт елдің бір бақыты болса керек-ті. Сондай іс-шаралардың бірі – Ақтөбе облысының Хромтау ауданында өтті.
Хромтау аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен білім беру саласының мамандарына арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шарада Хромтау аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжан Ақанова құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Артынша жиналғандар жергілікті өнерпаздардың дайындаған концертін тамашалады.
Шара барысында бір топ ұстаз білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, Хромтау аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жас мамандарға Түркістан қаласына танымдық-тарихи саяхатқа жолдама табыстады.
-
Фото
-